Референдум-2026

Ұлттық қорғаныс университеті Қазақстан, Пәкістан, Қытай және Франция офицерлерін түлетті

Ұлттық қорғаныс университеті Қазақстан, Пәкістан, Қытай және Франция офицерлерін түлетті
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде қазақстандық және шетелдік әскери қызметшілерге диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқуды әскери медицина, тәрбие құрылымдары, киберқауіпсіздік және спорт салаларының мамандарын қоса алғанда, 50-ден астам офицер сәтті аяқтады. Сонымен қатар, Қарулы Күштер Бас штабы академиясы факультетінің төрт тыңдаушысы – Пәкістан, Қытай және Франция әскери қызметшілері дипломға ие болды.

Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы, Пәкістан, Қытай және Францияның дипломатиялық миссиялары мен әскери атташелер аппараттарының өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам, сондай-ақ түлектердің туыстары қатысты.

Офицерлерді оқуды сәтті аяқтауымен Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков құттықтады. Ол қазіргі заманғы жағдайлар әскери басшылардан жоғары кәсіби дайындықты, жедел шешім қабылдай білуді және оларды іске асыру үшін жауапкершілік көтеруді талап ететінін атап өтті.

– Диплом тапсыру – кәсіби дамудың аяқталуы емес, әскери қызметтің жаңа, бұдан да жауапты кезеңінің басталуы, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Сондай-ақ ол Ұлттық қорғаныс университетінде шетелдік әскери қызметшілерді даярлау халықаралық әскери ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін, оның түрлі мемлекеттердің қарулы күштері арасындағы сенімді нығайтуға және әріптестік байланыстарды дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Шетелдік түлектердің атынан Франция әскери қызметшісі майор Реми Валле сөз сөйлеп, университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамға жоғары деңгейдегі даярлық үшін алғыс білдірді. Ол Қазақстанда білім алған жылдардың кәсіби тұрғыдан да, жеке өмірлік тәжірибе тұрғысынан да аса құнды болғанын айтты.

Салтанатты рәсім дипломдарды табыстаумен және түлектердің Қорғаныс министрлігі басшылығымен әрі шетелдік қонақтармен бірге естелік суретке түсуімен аяқталды.