Референдум-2026

«Ұлттық қор – балаларға»: 6,5 млн баланың есепшотына 2,3 млрд доллар аударылды

«Ұлттық қор – балаларға»: 6,5 млн баланың есепшотына 2,3 млрд доллар аударылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасымен үш жылда 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біз арнайы конституциялық нормаға сүйене отырып, табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекіттік. Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған аймақтағы алғашқы мемлекет.
 
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Бұл жобаның тиімділігі жоғары: үш жылдың ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды.
 
Сондай-ақ біз қамқорлық шараларының нақты жалғасы ретінде «Келешек» жинақтау жүйесін іске қостық. Дарынды балаларға, соның ішінде халықаралық олимпиада жеңімпаздарына жүйелі түрде қолдау көрсете бастадық.
 
Болашаққа инвестиция салу дегеніміз де – осы. Ал, айналамызда, яғни Еуразия құрлығында қай мемлекет әлеуметтік мақсаттарға осыншама қомақты қаражатты бөліп беріп жатыр? Жауап белгілі сияқты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президен білім экономикасы үстемдік құрған дәуірде өмір сүріп жатқанымызды айтып, осындай кезеңде технологиялық дербестікті күшейте түсу үшін ғылым саласын және жоғарғы мектеп жүйесін дамытуға баса назар аудару қажеттігін жеткізді.

 
«Соған сәйкес біз еліміздегі университеттерді жаңғырту жұмысын қолға алдық. Бұдан бөлек, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр.
 
Өздеріңіз мақұлдап, қабылдаған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ғылыми инфрақұрылымды жақсартып, жас ғалымдарға мол мүмкіндіктер беруге зор ықпал етуде.
 
Жалпы, алдымызда ғылым деңгейін, оның тиімділігін барынша көтеруге қатысты маңызды мақсат тұр.
 
Әрине, кез келген ұлттың зияткерлік әлеуеті сол елдегі орта білімнің деңгейімен өлшенетіні ақиқат.
 
Соңғы үш жылда республика бойынша 584 заманауи мектеп салынды. Әрбір үшінші мектеп инновациялық үлгідегі «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерді. Биыл тағы 84 мектеп ашылады. Оның жартысынан көбі ауылдық жерлерде салынып жатқанын атап өту қажет», - деді Президент.