UAE SWAT Challenge-2026 турнирінің жеңімпаздары елге оралды

Бүгін, 11:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
UAE SWAT Challenge-2026 турнирінің жеңімпаздары елге оралды
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Астана әуежайында Дубайда өткен UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінде топ жарған қазақстандық командаларды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Астана әуежайына қонған сәтте әріптестері мен жанкүйерлері қошеметпен күтіп алды.

Биыл Қазақстан атынан күштік құрылымдардың ең таңдаулы жауынгерлерінен жасақталған бес команда қатысты. Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық арнайы бөлімшелер әлемдік деңгейде жоғары нәтиже көрсетті.

Атап айтқанда, жалпы есеп бойынша Kaz SWAT Team C – 1-орын (алтын), Kaz SWAT Team A – 2-орын (күміс) иеленді. Ал үздік үштікті қытайлық команда түйіндеді. Жүлдегер командалар арасында Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері де бар.

Сондай-ақ Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков Дубайда әскери қызметшілерге қолдау көрсетіп, өз тәжірибесі мен тағылымын бөлісті.

«Жарыс өте жоғары дәрежеде өтті. Әлемдік деңгейдегі сайыс болған соң барлық команда мықты болды. Сондықтан біз де осалдық танытпай, барынша дайындалдық. Арнайы жеңіске жету үшін дайындық жасадық. Алғашқы жарыс күнінде аяғымды қайырып, жарақат алып қалдым. Бірақ соған қарамастан жарыс жолын жалғастырып, бүгінде командаластарыммен бірге елге жеңіспен оралып отырмын», - деді жүлдегер атанған ұландық арнайы жасақ жауынгері.

Осылайша қазақстандық арнайы жасақ жауынгерлері кәсіби дайындық пен нағыз шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті.

Еске салсақ, Президент UAE SWAT Challenge-2026 турнирінде үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық командаларды құттықтаған еді.