Түркістан облысында пиротехникадан зардап шеккен балалардың жағдайы белгілі болды

Бүгін, 11:47
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Түркістан облысында пиротехникадан зардап шеккен балалардың жағдайы белгілі болды
Иллюстративті фото: ТЖМ

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Түркістан облысындағы жағдайға және пиротехника қолдану жауапкершілігіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Пиротехникадан зардап шеккен балалардың жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Оқыс оқиға жеке үйдің ауласында тыйым салынған пиротехниканы қолдану салдарынан орын алған. Балалар шұғыл ауруханаға жеткізіліп, қазір дәрігерлердің бақылауында. Дегенмен бұл жағдай кәмелетке толмағандардың бос уақытын қатаң қадағалау қажет екенін тағы бір мәрте еске салып отыр.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Мереке қарсаңында қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етіп, алдын алу жұмыстарын күшейту туралы еліміздің барлық білім беру ұйымдарына ресми хаттар жолданды. 

Алайда ата-аналардың тікелей қатысуынсыз бұл шаралардың тиісті нәтиже бермейтіні анық. Біз ата-аналарды барынша қырағы болуға шақырамыз. Балалардың қауіпті заттарға жолауына жол бермеңіздер», - делінген хабарламада.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ескертеді: ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес, елді мекендерде пиротехника қолдануға тыйым салынған. Егер бұл әрекетті 16 жасқа толмаған бала жасаса, жауапкершілік толығымен ата-анаға жүктеледі. Заң бойынша мұндай тентектік үшін пиротехника тәркіленіп, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 

Бұған дейін Үкіметте мереке күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралған болатын.