Түркістан облысында 70-тен астам мектептің асханасына айыппұл салынды
Түркістан облысында 70-тен астам мектептің асханасында санитариялық талаптар сақталмаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кемшілікті Түркістан облысының прокуратурасы білім беру ұйымдарының асханаларына жүргізген талдауы барысында анықтаған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында асханаларды жаңғыртып, пайдалануға алған кәсіпкерлердің 70 мектепте санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз қызмет атқарып келген.
Ведомствоның қадағалау актісі нәтижесінде 50 білім беру мекемесі санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды.
Аталған заң бұзушылықтар бойынша мектеп әкімшілігі мен кәсіпкерлерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы 1-бөлігіне сәйкес 81 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 7,3 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Еске сала кетсек, бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов балалар мен жасөспірімдерді дұрыс тамақтандыру мәселесін көтерді.