Тоқаев жаңа Конституция және мемлекеттік органдардың маңыздылығы туралы айтты
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Біз бір ел болып жаңа кезеңге қадам бастық. Мемлекеттік мекемелер жекелеген басшылардың қалауына қарай емес, Конституцияға және тиісті заңға сәйкес жұмыс істейді. Саяси жаңғырудың мән-маңызы да – осында.
Мемлекеттік биліктің табиғи, яғни эволюциялық жолмен дамуы мызғымас сипатқа ие болды. Бұл маңызды жұмысты тоқтату, тіпті, өткенді кері қайтару да мүмкін емес. Себебі халық ондайға жол бермейді. Мен бұған кәміл сенемін.
Бүгінде мемлекеттік құрылымның жаңа үлгісі ұсынылып отыр. Соған сәйкес биліктің барлық тармағы шешім қабылдаған кезде бірдей тәуелсіз болады. Ал Президент олардың кедергісіз, үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Еліміздің басты өкілді органы – Құрылтайдың құзыреті кеңейе түседі. Бір палаталы Парламент тиімді заң шығару қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Әлемдік тәртіп пен ішкі реформалар түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде заманауи сын-қатерлерге дер кезінде төтеп беру бәсекеге қабілетті мемлекеттің басты сипатына айналды. Сондықтан бұл шешімнің маңызы зор», - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жоғары кеңесші орган саналатын Халық Кеңесі мемлекет пен қоғам, әртүрлі әлеуметтік-этностық топтар арасында сенімді байланыс орнататынын айтты.
«Халық Кеңесіне заң шығару бастамасын беру оның институционалдық рөлін нығайта түседі.
Барлық саяси жаңғыру ел тағдырына институционалдық жауапкершілікті күшейту ниетінен туындап отыр. Бір ғана тірекке арқа сүйеген саяси жүйе әлсіз болады әрі ұзаққа шыдамайды. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді.
Біз, шын мәнінде, халықтық билік қалыптастырудамыз. Оның өзегінде әлеуметтік әділдік, жасампаз отаншылдық, Заң мен тәртіп үстемдігі, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтау, білім, ғылым және технологияның дамуына басымдық беру, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау секілді ешқашан ескірмейтін, мәнін жоймайтын құндылықтар жатыр», - деді ол.
Президент 1995 жылғы Конституцияда мемлекеттік билікті нығайтуға басымдық берілгеніне назар аударды. Өйткені, оның айтуынша, сол заманның биігінен қарағанда, бұл орынды еді. Өйткені Тәуелсіздіктің елең-алаңында заң шығару қызметін қамтамасыз ету қажет болды.
«Қолданыстағы Конституцияны сынға алудың қажеті жоқ. Өйткені бұл құжат мемлекетіміздің іргесін бекемдеуге оң ықпал етті.
Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше тарихи еңбегін ұмытпағанымыз ләзім.
Қазіргі қоғам өмірінде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидаттың өзектілігі артты. Сондықтан жаңа Конституцияның бойынан осы ұстаным анық аңғарылады.
Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға 30 баптан тұратын ең үлкен бөлімнің арналуы тегін емес. Бұл – Ата заңның шамамен үштен бірі. Салыстырмалы түрде айтсақ, Президент туралы бөлім небәрі 10 баптан тұрады.
Азаматтарымыздың құқығына қатысты көптеген нормаға жаңа мазмұн беріліп, мән-маңызы арта түсті. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын, отбасылық және адами құндылықтарды көздің қарашығындай сақтайтынымызды Ата заң деңгейінде айқындадық.
Бұл – халқымыздың ажырамас құқығы. Ешбір саясаткердің, иә болмаса қоғам белсендісінің, шетелдік немесе отандық үкіметтік емес ұйымның ешқашан бұған күмән келтіруіне, сынап-мінеуіне қақысы жоқ. Оған жол бермейміз.
Халқымыздың басым бөлігі отбасын қолдау бағытындағы мемлекеттік саясатты құптайды. Өйткені отбасы дегеніміз – ұлттың жаңа қасиетін қалыптастырып, адал азаматты тәрбиелеп шығаратын алтын ұя.
Азаматтарымыздың мүддесін қорғау – ең маңызды мемлекеттік міндет. Сайып келгенде, бұл егемендігімізге, ұлтымыздың баянды болашағына қатысты мәселе», - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Президенттің қазіргі конституциялық реформаның қоғам сұранысына сай келетінін айтқаны туралы жаздық.