TopIQ-MobilBox: Астанада мектеп пен кітапханаларға арналған электрондық оқу станциялары табысталды

TopIQ-MobilBox: Астанада мектеп пен кітапханаларға арналған электрондық оқу станциялары табысталды
Фото: Нұркен Мерғалиев

Бүгін Астанада «Алматыкітап» баспасы қайырымдылық жобасы аясында мектептер мен кітапханаларға арналған интернетсіз жұмыс істейтін заманауи цифрлық ресурстармен және жасанды интеллект құралдарымен жабдықталған TopIQ-MobilBox электрондық оқу станцияларын табыстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

TopIQ-MobilBox – оқу үдерісін қолдауға арналған автономды оқу станциясы. Құрылғы шалғай елді мекендердегі және шеткері қала мектептеріндегі оқушылар мен мұғалімдерге оқу контентін еркін пайдалануға мүмкіндік береді. 

Оқу станциясына:
- қазақ және орыс тілдеріндегі 395 электрондық оқулық пен көркем әдеби кітап;
- бейнематериалдар, аудиоконтент, мультфильмдер;
- интерактивті тапсырмалар мен тесттер енгізілген.

Сондай-ақ оқу станциясында мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге арналған Qamqor интеллектуалды көмекшісі бар. Ол сабақ жоспарларын әзірлеуге, оқу материалдарын таңдауға және оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.

Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау, елдегі шағын жинақты мектептерге, кітапханаларға және педагогикалық колледждерге көмек көрсету, оларды заманауи оқу құралдарымен қамтамасыз ету және білім беру сапасын арттыруға үлес қосу.

Жоба аясында Жаңа жыл қарсаңында «Алматыкітап» баспасы отанымыздың 20 өңірдегі цифрлық ресурстарға қолжетімділігі шектеулі шағын жинақты және шет аймақтардағы мектептерге әрқайсысының құны 400 000 теңге болатын 1000 білім беру станцияларын сыйға тартты. Соның ішінде TopIQ-MobilBox оқу станциялары Астана қаласы мен Ақмола облысының шағын жинақты мектептеріне, сондай-ақ TopIQ.kz платформасын үздік пайдаланған және республикалық Leader TopIQ байқауында жеңімпаздары көп шыққан 103 мектебіне жаңажылдық сый ретінде табысталды.


«Алматыкітап» баспасының президенті Гаухар Саймасаева жобаның қалай дүниеге келгенін айтып берді.

«Бұл - «Алматыкітап» баспасының үлкен жобасы. Біздің TopIQ оқу станцияларымыз бен платформамыз 6 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Көптеген мектептер оның игілігін көріп жүр. 2000 мектепте оқитын 2 миллион оқушы сабақтарына қолданады. Бұл - Астана сияқты ірі қалалар мен облыс орталықтарының мектептері. Ал шалғай ауылдағы мектептер ше, оларға қалай жеткіземіз деген сұраққа жауап іздедік. Соның нәтижесінде осы жоба дүниеге келді. Осы платформадағы барлық базаны TopIQ-MobilBox оқу станциясына салып, 1000 шағын комплектілі мектепке, 50-ге жуық балалар кітапханаларына сыйлайық деген идея келді. Әрине, мұны істейтін серіктестер табу, оны істеу оңай болған жоқ, дегенмен 8 айда істеп шықтық. 400-ге жуық оқулық, сондай-ақ одан басқа әдеби кітаптар бар. Qamqor интеллектуалды көмекшісі платформаның ішіне енгізілген. Мұғалімдерге, балаларға да көмекші құрал болады. 
Алдағы уақытта «1000 мектеп» деген қауымдастық құрып, ауылдарға барып, оқу процесіне қандай ықпалы болғанына қатысты зерттеу жүргізетін боламыз», - деді «Алматыкітап» баспасының президенті.

Ақмола облысы Аршалы ауданы Бұлақсай ауылынан Астанадағы бүгінгі іс-шараға арнайы келген мектеп директоры Төлеуіш Қалымқызы осы мобильдік станцияның білім беру процесінде пайдасы көп екенін айтты. 

«Электронды оқулықтарды сабақта қолдану - қазіргі заман талабы. Сондықтан мобильдік станция мектепке ауадай қажет. Пайдасы өте көп. Оқулықтардың, көркем және тарихи шығарманың электронды нұсқалары қолжетімді. Оқушылардың зерттеу жұмыстарын жазуына қажетті ресурстар арқылы көп пайдасын тигізіп отыр. Әсіресе, ауылдағы шағын жинақты мектептің ұстаздары, оқушылары іздеген дүниесін таппай қалған кезде, осы мобильдік станция арқылы бәрін қарап, оқып алуға болады», - дейді ол.