TikTok-та балағат сөз айтқан тұрғын көше сыпыруға міндеттелді
Қызылорда облысы Сырдария ауданының 36 жастағы тұрғыны TikTok-та тікелей эфир жүргізу кезінде бірнеше рет балағат сөз айтқан. Полиция оның құқық бұзушылық жасағанын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қызылорда облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға кезінде ер адамның алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды.
Сот шешімімен ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттелді.
Қазір тұрғын жазасын өтеуде. Ол көшелерді сыпырып, арамшөптерді тазалап және басқа да қоғамдық жұмыстарды атқарып жүр.
Полиция интернет кеңістігі заң бұзушылық үшін жауапкершіліктен босатпайтынын еске салды. Тікелей эфирде жасалған құқыққа қайшы әрекеттер де заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.
Еске салсақ, елордада полиция қызметкерлері жыл басынан бастап омниканалды жүйе арқылы 33 мыңнан астам өтініш қабылдады.