Омниканал арқылы шағымдану: Полиция көлігін рұқсат етілмеген жерге қойған елордалыққа айыппұл салды
Елордада полиция қызметкерлері жыл басынан бастап омниканалды жүйе арқылы 33 мыңнан астам өтініш қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, өтініш қабылдаудың омниканалды жүйесі халықпен тиімді өзара іс-қимылдың сәтті үлгісіне айналған.
«Бұл жүйе арқылы келіп түскен өтініштердің бірі жол қозғалысы ережесінің бұзылуы туралы болды. Қала тұрғыны омниканалды байланыс арқылы хабарласып, «Toyota» маркалы автокөліктің рұқсат етілмеген жерде қойылғанын жеткізді. Ақпарат жедел тексеріліп, полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған 37 жастағы жүргізушіні анықтап, оған ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды», делінген хабарламада.
Омниканалды жүйе - азаматтардың полицияға кез келген қолжетімді тәсілмен өтініш білдіруіне арналған. Шағымданушы «102» мобильді қосымшасы, әлеуметтік желі мен мессенджер (Telegram, Facebook, ВКонтакте, ІІМ сайты), сондай-ақ «eGov Mobile», «Kaspi», «Halyk» банк қосымшалары арқылы өзара байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте аталған цифрлық арналар арқылы азаматтар тек мәтіндік хабарлама жіберіп қана қоймай, құқық бұзушылықты растайтын фото және бейнематериалды қоса тіркейді. Бұл полиция қызметкерлеріне қосымша ақпаратты жедел алып, әрекет ету шараларын қабылдауға жол ашады.
Биыл омниканалды жүйе арқылы Жедел басқару орталығына 33 мыңнан астам қоңырау мен хабарлама түсті.
«Біз халықты қамту аясын кеңейтіп, азаматтардың полициямен өзара іс-қимыл жасауына қолайлы әрі қолжетімді қосымша арналар құру арқылы IT-сектор мен бизнесті «Заң және тәртіп» идеологиясын қалыптастыруға тартып жатырмыз», деп мәлім етті департаменттен.
Еске сала кетсек, Астанада полиция жыл басынан бері омниканалды жүйе арқылы 30 мыңнан астам шағымды қабылдады.