«Таза Қазақстан» және жасанды интеллект: Астанада қоғамдық орындарды ластауға қарсы бақылау күшейтілді
Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қоғамдық орындарды ластау мен абаттандыру қағидаларын бұзуға қарсы бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны және қала аумағында абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 26 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары полиция қызметкерлері мен Жедел басқару орталығының (ЖБО) өзара іс-қимылы арқылы күн сайын жүргізіліп келеді.
Қалалық ПД-ның хабарлауынша, экологиялық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде тәулік бойы жұмыс істейтін ЖБО-ның интеллектуалды бейнебақылау жүйесі маңызды рөл атқарады.
Жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған камералар көшелерде, саябақтарда, аулаларда және басқа да қоғамдық орындарда үздіксіз мониторинг жүргізеді. Бұл ластау деректерін жедел анықтап, құқық бұзушылардың жеке басын анықтауға және заңнамаға сәйкес шара қолдануға мүмкіндік береді.
Мәселен, бейнебақылау камералары арқылы күндіз Шалкөде көшесінде қоғамдық орында темекі тұқылын тастаған 24 жастағы елорда тұрғыны анықталған. Оның әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарын бұзу ретінде бағаланып, әкімшілік шаралар қолданылған.
Сондай-ақ Тілендиев көшесіндегі дәмханалардың бірінің маңында ер адамның темекі тұқылын кәріз жүйесіне тастағаны анықталған. Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, бұл әрекет абаттандыру және аумақтың санитарлық жағдайын сақтау қағидаларын бұзу ретінде қаралып, азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция департаменті тазалықты сақтау әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын еске салды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, темекі тұқылын немесе ұсақ қоқысты тастау сияқты болмашы көрінетін құқық бұзушылықтардың өзі қалалық ортаның жағдайына кері әсер етеді.
Астана қаласының Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, заң талаптарын сақтауға және қоғамдық орындардың тазалығын қолдауға шақырды.
Бұған дейін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «Жасыл даму» АҚ қолдауымен елімізде Sparklo фандоматтары жұмыс істейтіні туралы жазған едік.