Қазақстанда қоршаған ортаға экологиялық залал келтірген тұлға айыппұл төлеумен ғана шектелмей, табиғатқа келтірілген зиянды өз есебінен жоюға міндетті. Бұл талап Экологиялық кодексте қарастырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің түсіндіруінше, кәсіпорын қызметінің салдарынан топырақ ластанса, өзенге немесе өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне зиян келсе, оның салдарын жою жауапты тұлғаның міндетіне жатады.
Экологиялық кодекстің 136-бабында «ластаушы төлейді» қағидаты бекітілген. Оған сәйкес, экологиялық залал келтірген әрекеті немесе қызметі үшін жауапты тұлға оны өз қаражаты есебінен толық көлемде жоюға міндетті.
Бұл ретте әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылу экологиялық залалды жою міндетінен босатпайды.
Экологиялық залал қалай өтеледі?
Министрліктің мәліметінше, мәселе тек ақшалай өтемақы төлеумен шектелмейді. Қоршаған ортаның бүлінген құрамдас бөліктерін қалпына келтіруге бағытталған нақты шаралар қабылдануы қажет.
Алайда жауапкершілік жүктеу үшін экологиялық залалдың келтірілгенін, оған жауапты тұлғаны және оның әрекеті мен туындаған залал арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау маңызды. Сондай-ақ залалдың нақты көлемі белгіленуі тиіс.
Бұл талаптар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 131 және 136-баптарында қарастырылған.
Осылайша, экологиялық залал үшін жауапкершілік айыппұл төлеумен аяқталмайды. Заңда көзделген жағдайларда табиғатты қалпына келтіруге жұмсалатын шығынды залал келтірген тұлға көтереді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Таза Қазақстан» бастамасына қатысушылар саны 7 млн адамнан асқаны хабарланған еді.