Референдум-2026

Таза Қазақстан: Астанада «Жерұйық» саябағында қоғамдық орынды ластаудың алдын алуға бағытталған рейд өткізілді

Таза Қазақстан: Астанада «Жерұйық» саябағында қоғамдық орынды ластаудың алдын алуға бағытталған рейд өткізілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Алматы ауданы әкімдігі полиция қызметкерлерімен бірлесіп, «Жерұйық» саябағында қоғамдық орындардың ластануының алдын алуға бағытталған рейд өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Рейд барысында демалушыларға арнап тазалықты сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қоғамдық аумақтарды ластағаны үшін жауапкершілік туралы профилактикалық әңгіме өткізілді.

Жауапты демалыс мәдениетін насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Іс-шараға қатысушыларға тұрмыстық қалдықтарды жинау, қоқыс жәшіктерін пайдалану және қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы еске салынды.

Мұндай профилактикалық рейдтер тұрақты негізде жүргізіледі және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық кеңістіктердің тазалығы мен абаттандырылуын қолдауға, сондай-ақ елорда тұрғындары үшін қолайлы қалалық орта құруға бағытталған.

«Біз аптасына 2-3 рет осындай рейд өткіземіз. Жаздың басынан бастап аудан аумағында 30-ға жуық хаттама жасалды», – дейді Алматы ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаева.