«Таза Қазақстан»: Астанада ауқымды экологиялық жұмыстар жалғасып жатыр
Астанада қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, тазалықты сақтауға және абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алуға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акция басталғалы бері қоқысты заңсыз төгу, қоғамдық орындарды ластау және өзге де құқық бұзушылықтар үшін 87 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Заманауи технологияларды қолдана отырып, құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше назар аударылуда. Мәселен, «Сарыарқа» ауданында дрон арқылы әуеден бақылау жүргізу барысында ғимараттардың бірінің маңында автобетон араластырғыш жүргізушілерінің сұйық бетон қалдықтарын төгуінің үш фактісі тіркелді.
Мұндай әрекеттер қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. Анықталған барлық деректер бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Полиция тұрғындар мен ұйымдарды тазалық пен тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және оны ластауға жол бермеуге шақырады. Қаланың тазалығы – әрбір азаматтың мәдениеті мен бірлескен еңбегінің нәтижесі.