«Таза Қазақстан»: Астанада 5 мың әке мен бала ағаш отырғызды
Бүгін елордадағы Кенен Әзірбаев көшесіндегі гүлзарда, осы көше мен Шәмші Қалдаяқов көшесінің қиылысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Таза қала» жобасы аясында сенбілік өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, Астана қаласы Әкелер одағының мүшелері, «Сарайшық» аудандағы педагогикалық ұйымдардың қызметкерлері, барлығы 250-ден астам адам қатысты. Сенбілікке балалар да атсалысып, Теміртөс атты робот-иттің өнерін тамашалап, мәз-мейрам болды.


«Қалалық Білім басқармасы, «Сарайшық» ауданының әкімдігі, Әкелер одағы бірлесіп, барлығы өте жақсы шараны өткізіп жатыр. Мұның бір ерекшелігі – бұл бюрократиялық тәсілмен ұйымдастырылған шара емес. Бұл жерде Астанада жақсы көрініс тауып келе жатқан Әкелер одағының жұмысы бар. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, олар бүгін сенбінің таңында балалармен жиналып, жұмыс істеп жатыр. Бұл – қала әкімдігі, Білім басқармасы мен мемлекеттік емес ұйымның бір жақсы симбиозы. Осында бала тәрбиесіндегі әкелер рөлі жақсы айтылды. Жалпы қарым-қатынасты нығайту, «Әке көрген оқ жонар» дейді, сондықтан әкелер мен балалардың бірге ағаш отырғызуының символдық ерекше мағынасы бар деп ойлаймын.
Жалпы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы – ерекше акция. Мұны біз тікелей мағынада қабылдамауымыз керек, тек қана көше тазалығы ретінде емес, тазалық деген – бұл сананың тазалығы, ерекше экологиялық мәдениет, Отанымызды сүю, тұрып жатқан аулаңды жақсы көріп, таза ұстау мағынасында қабылдауымыз керек. Өзіңнің қалаңа деген ерекше құрмет, барлық құндылықтар «Таза Қазақстан» ұғымына сыяды деп ойлаймын», - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Сенбілік аясында 100-ден астам ағаш отырғызылып, іргелес аумақ тазартылды, ағаштар әктеліп, «көше жиһаздары» боялды.
«Бүгінгі іс-шара Астана қаласы Әкелер одағының бастамасымен ұйымдастырылды. Елордадағы әкелер өздерінің балаларымен бірге Мемлекет басшысының бастамасымен жүріп жатқан «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, «Сарайшық» ауданындағы жаңа саябақта ағаш отырғызу, осы саябақты абаттандыру, тазалау жұмыстарына қатысуда. Мұндағы негізгі мақсат – «Таза Қазақстан» акциясын бір реттік сенбілік ретінде ғана өткізбей, ұрпағымыздың, балаларымыздың бойында тазалық мәдениетін, рухани мәдениетті, тәртіп мәдениетін қалыптастыру, еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілікті сіңіру, оларға өнеге көрсету. Мұндай іс-шара бір ай бойы жалғасады», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Қазіргі таңда аудан «Сарайшық» ауданының аумағында 75 мыңнан астам ағаш өсіп тұр. Сонымен қатар 20 мың текше метрді құрайтын «тірі қорған» жасақталған. Көгалдандырылған аумақтың жалпы көлемі 2,5 миллион шаршы метрге жетеді.
«Бүгін сенбілік аясында 100 түп ағаш отырғызсақ, жыл соңына дейін ауданымызда 8 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, жасыл желек қорын арттыруға үлкен үлес қосады.
Көктемгі маусым басталғалы бері аудан аумағынан 4 мың тоннаға жуық заңсыз қоқыс үйінділері шығарылды. Мұндай шаралар табиғат тазалығын сақтаумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Аталған жұмыстардың барлығы өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы әрі көрікті орта қалыптастыруға бағытталған», - деді «Сарайшық» ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайберген.
Аманғали Қалжанов