Сұхбатта болашаққа бағытталған нақты басқарушылық логика бар – Саясат Нұрбек
«Бүгін қазақстандықтар күнін Мемлекет басшысының сұхбатын оқумен бастады. Мен де солардың қатарындамын. Бұл сұхбатта күнделікті саяси риторика емес, болашаққа бағытталған нақты басқарушылық логика бар». Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген сұхбаты жайлы мұндай пікірді ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министр атап өткендей, 2025 жылдың қорытындысы Қазақстанның күрделі халықаралық жағдайында да өз бағытын сақтай алғанын көрсетті.
«Экономика 6 пайыздық өсім көрсетті, алтын-валюта резервтері 62 миллиард доллардан асты, 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, 100-ден аса мектеп пен 200-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды, Достық–Мойынты темір жолының екінші желісі іске қосылды. Бұл көрсеткіштер – келесі даму кезеңіне жеткізетін берік іргетас», - деді Саясат Нұрбек.
Оның сөзінше, Turkistan газетіне берген сұхбатында Президент Қазақстан жаңа жаңғыру кезеңіне қадам басқанын нақты атап өтті. Бұл кезеңде басты ресурс – инфрақұрылымның өзі емес, адам капиталының сапасы. Дәл осы тұста жоғары білім мен ғылымның рөлі шешуші мәнге ие болады.
Жаңғыру тереңнен басталуы тиіс: институттардан, мазмұннан, адами капиталдың сапасынан.
«Осы тұрғыда 2026 жылға қойылған стратегиялық басымдықтардың маңызы арта түседі. Бүгінде Қазақстан өңірдегі барлық инвестицияның 60 пайыздан астамын тартып отыр. Бұл – халықаралық қауымдастықтың елдің инвестициялық климатына берген жоғары бағасы. Капиталмен бірге жаңа технологиялар, басқару тәжірибесі мен құзыреттер келіп жатыр. Соның ішінде жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу, академиялық әріптестікті кеңейту ерекше орын алады», - деді министр.
Министрлік жетекшісі атап өткендей, университеттерге тікелей қатысты бірінші қағида – реформалар.
«Бұл – жасанды, имитациялық өзгерістерден түбегейлі бас тарту деген сөз. Жоғары оқу орындары үшін бұл формальды талаптарды орындаудан нақты нәтижеге көшу: сапалы білім беру бағдарламалары, мықты профессор-оқытушылар құрамы, қолданбалы ғылыми зерттеулер және экономика сұранысына сай түлектер. Университеттер ұлттық даму басымдықтарынан бөлек емес, олармен қатар жүруі керек», - деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ ол осы логикаға сәйкес цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған 2026 жыл символдық қадам емес, стратегиялық таңдау ретінде көрінетінін айтты.
«Бұл шешім өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптен бастап, білім мен ғылымға дейінгі барлық саланың трансформация ырғағын айқындайды. Елдің жаһандық экономикадағы бәсекеге қабілеттілігі дәл осы бағытта қалыптасады», - деді Саясат Нұрбек.
Екінші маңызды тезис – жаңа дәуірге бейімделу.
«Президент қоғамның зияткерлік және технологиялық тұрғыдан дайын болуы қажеттігін ашық айтады. Жоғары білім үшін бұл оқу мазмұнын түбегейлі жаңарту деген сөз: цифрлық дағдылар, жасанды интеллект, деректермен жұмыс, пәнаралық тәсіл, сындарлы ойлау. Мұнда әңгіме жеке пәндер қосу жайлы емес, білім беру логикасын өзгерту туралы – жаттаудан талдауға, дайын білімнен жаңа білім жасауға көшу», - деп атап өтті министр.
Оның сөзінше, адами капитал да назардан тыс қалмайды.
«Бүгінгі университет – құндылықтар, жауапкершілік және кәсіби этика қалыптасатын орта. Дәл осы жерде түлектің күрделі әрі тез өзгеретін ортада жұмыс істей алу, шешім қабылдау және сол шешім үшін жауап беру қабілеті қалыптасады. Бұл – кемел, орнықты қоғам құрудың тікелей шарты», - дейді министр.
Сонымен қатар жедел дамуға арналған институционалдық негіз қалыптасып келеді.
«Алдағы конституциялық өзгерістер басқару мен реттеудің тиімді жүйесін құруға бағытталған. Негізгі назар энергетика, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы, көлік пен логистика, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау салаларына аударылады. Университеттер үшін бұл – дәл осы бағыттар бойынша кадр даярлау мен ғылыми шешімдер ұсыну қажеттігін білдіреді.
Сұхбатта цифрландыру мен жасанды интеллекттің басымдығы тағы бір мәрте айқындалды. Жоғары білім үшін бұл екіжақты міндет. Бір жағынан – жаңа экономиканың салаларына мамандар даярлау. Екінші жағынан – университеттердің өз ішінде цифрлық және ЖИ құралдарын басқаруда, талдауда, білім беру траекторияларында және ғылыми зерттеулерде пайдалану. Университеттер технологияны қуып жетуші емес, оны алға сүйрейтін орталықтарға айналуы тиіс.
Ақпарат сапасы мен ойлау мәдениеті туралы тезис те ерекше маңызды. Президент терең талдаудың, дереккөзбен жұмыс істеудің, байыпты оқудың мәнін атап өтеді.
Бұл – жоғары білім жүйесіне тікелей жолданған үндеу: университет зияткерлік тәртіпті қалыптастыруы керек, клиптік ойлауға икемделмеуі тиіс. Білім сапасы ең алдымен өзіміз қоятын талаптарға байланысты.
Осылайша, жаңғырудың жаңа кезеңі жоғары білім үшін үлкен сын ғана емес, тарихи мүмкіндік те болып отыр. Университеттерді білім мен технологияның орталығына айналдыру мүмкіндігі.
Ұлттық жаңғырудың табысы көп жағдайда жоғары білім жүйесінің осы сынға қаншалықты лайықты жауап бере алуына байланысты», - деді министр.
Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.