СҚО-да полицей 13 млн теңгеге алданған жәбірленушіні алаяқтардан қалай құтқарды

СҚО-да полицей 13 млн теңгеге алданған жәбірленушіні алаяқтардан қалай құтқарды
Коллаж: ІІМ

Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша ауданы орталығының 40 жастағы тұрғыны алаяқтарға сеніп, 13 млн теңге көлемінде несие рәсімдемек болған. Өтінімдер бірден бес банкке жолданған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тайынша көшесінде жаяу патрульде жүрген аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Еламан Ермековке ауыл тұрғыны хабарласып, анасына байланыса алмай жатқанын жеткізген. Дабылға жедел әрекет еткен полицей көрсетілген мекенжайды тексергенде 40 жастағы әйелдің таңертеңнен бастап интернет алаяқтармен телефон арқылы сөйлесіп отырғаны белгілі болды.

Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, оның атына біреулер несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтқан. Одан кейін құқық қорғау органдарының «жалған қызметкерлері» хабарласқан. Алаяқтардың қысымымен әйел банк қосымшаларын жүктеп, несиелер рәсімдей бастаған.

Мамандар бұл өзге өтінімдердің күшін жоюға көмектеседі деген сылтаумен қолданылатын кең таралған тәсіл екенін айтады. Яғни осы тәсіл бойынша алаяқтар «резервтік шотты» көрсетіп, қаражатты сол жерге аударуды ұсынады, содан кейін ақша шетелге шығарылып кетеді.

Әдеттегідей, алаяқтар болған жайтты ешкімге айтпауын талап еткен. Алайда бұл жолы олардың жоспары бұзылды.

Полиция қызметкері Еламан Ермеков әйелге оның алаяқтардың құрбаны болғанын түсіндіріп, оның келісімімен eGov mobile қосымшасы арқылы несиелерден ерікті түрде бас тартуға көмектесті. Сондай-ақ барлық банктің «жедел желілеріне» хабарласқан. Нәтижесінде жалпы сомасы 13 миллион теңге болатын несиелердің рәсімделуі тоқтатылды.

Полицейлер банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы несие рәсімдеуді немесе қаржылық операция жүргізуді талап етпейтінін ескертеді. Мұндай қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексерген жөн.

Бұған дейін жаңа алаяқтық тәсілдің пайда болғаны туралы жазған болатынбыз.