СҚО-да кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан лауазымды тұлғаға 432 мың теңге айыппұл салынды

СҚО-да кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан лауазымды тұлғаға 432 мың теңге айыппұл салынды
Фото: freepik.com

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын өрескел бұзып, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін лауазымды тұлғаны жауапқа тартып, айыппұл салды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратураның мәліметінше, СҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жеке кәсіпкерге қатысты тексеру жүргізу туралы заңсыз шешім қабылдаған.

Прокурордың қаулысына сәйкес, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтуралы кодексінің 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 432 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

«Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып саналады. Кәсіпкерлік субъектілері олардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда прокуратура органдарына, оның ішінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильдік топқа тікелей жүгінуге құқылы. Байланысу үшін +7 (771) 362-08-99 нөміріне хабарласуға болады», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Бұған дейін Алматы облысында заңсыз интернет-казино ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын жаздық.