Сержанттар корпусының 30 жылдығына орай бітімгерлер 30 шақырымдық марш жасады
Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері Алматы облысының көрікті жерлерінде үш күндік экологиялық әрі сауықтыру маршын жүріп өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маршқа қатысушылар қашықтықты аралас тәсілмен еңсерді. Алдымен Үлкен Алматы көліне дейін жүгіріп, оның маңындағы аумақты тазалады. Одан кейін Көлсай және Қайыңды көлге қарай жаяу жүрді.
Марш жетекшісі, Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары полковник Бақытжан Жетпісов бұл іс-шараның сержанттар корпусының 30 жылдығына арналғанын атап өтті.
Сарбаздарға ең жақын буын саналатын сержанттар барлық деңгейдегі командирлердің сенімді тірегі әрі жеке құрамды даярлау, тәрбиелеу және әскери тәртіпті нығайту ісіндегі маңызды буын болып табылады. Олардың тәжірибесі мен кәсіби дағдылары еліміздің Қарулы күштерінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланады.
– Қазіргі таңда қазақстандық әскери қызметшілер, оның ішінде сержанттар да, БҰҰ-ның Голан жоталарындағы және Ливандағы бітімгерлік миссиялары құрамында қызмет атқарады. Сонымен қатар Ирак пен Тәжікстандағы халықаралық миссияларда қызмет еткен ардагерлер де еліміздегі бітімгерлік қызметтің дамуына елеулі үлес қосты, – деді полковник Бақытжан Жетпісов.
Бұл марш әскери қызметшілер үшін дене даярлығын сынап көруге, төзімділікті арттыруға және күрделі жер бедерінде өзара іс-қимылды жетілдіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ қатысушылар су айдындарының маңындағы аумақтарды тазарту арқылы командалық рухты нығайтып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосты.
Еске сала кетсек, елордада көктемгі әскерге шақыру аяқталды.