«Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай корпоративтік ЖИ экожүйесін дамытуда

6 қаңтар, 2026
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
«Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай корпоративтік ЖИ экожүйесін дамытуда
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Үкімет отырысында цифрлық шешімдерді енгізу және қор жұмысында жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Басқарма төрағасы 2025 жылы Самрұқ-Қазына тобы бойынша бірыңғай ІТ-стандарт бекітілгенін атап өтті. Ол цифрлық шешімдер архитектурасына және жасанды интеллект технологияларын қолдануға қойылатын талаптарды айқындайды.
Қор компанияларының өндірістік процестеріне жасанды интеллект шешімдерін енгізу бойынша Жол картасы қабылданды.

Цифрлық даму деңгейін арттыру мақсатында / бағалау методикасы бекітілді. Қор тобында 239 мың қызметкер / жасанды интеллект негіздері бойынша білім алды, - деді Нұрлан Жақыпов.

Ол сондай-ақ Қор SKAI – Samruk-Kazyna Artificial Intelligence атты бірыңғай корпоративтік жасанды интеллект экожүйесін дамытып жатқанын айтты.

SKAI модульдерінің бірі – SKAI Data платформасы. Ол өндірістік және қаржылық көрсеткіштермен нақты уақыт режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл платформаға ҚазМұнайГаз, QazaqGaz, KEGOC, Самрық-Энерго қосылған. Ал 2026 жылы қордың қалған компанияларын қосу жоспарланып отыр.

ЖИ-шешімдерді өндірістік процестерге енгізудің әсері 5 жыл ішінде $1,3 млрд-тан асады — «Самұрық-Қазына» АҚ
Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» тобы жасанды интеллект қолданылатын 62 жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жобалардың негізгі мақсаты – жасанды интеллектті өндірістік процестерге енгізу. Жобалардың экономикалық әсері бес жыл ішінде $1,3 млрд-тан асады деп болжанып отыр.

Қор компанияларында 2026 жылға жасанды интеллект енгізу есебінен EBITDA көрсеткішін 5%-ға арттыру бойынша KPI бекітілді. Алдағы екі жылда басқарушылық шешімдердің 70%-ы жасанды интеллектінің қатысуымен қабылданатын болады,- деп толықтырды Нұрлан Жақыпов.

Мысалы «ҚазМұнайГаз» компаниясында ABAI жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында жасанды интеллект сумен толтыру мәселелерін шешіп, қосымша мұнай өндіру үшін қабаттардағы қысымды ұстап тұру бойынша ұсыныстар береді. Болжам бойынша, жобаның 2025–2030 жылдарыь экономикалық әсері шамамен 326 млрд теңге болады.

Сондай-ақ, мұнай өнімдерінің тапшылығы мен профицитін болжауға арналған жасанды интеллект моделі енгізілуде. Бұл шешім балансты дәл есептеуді және өңірлерге өнімді тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді. Шешімнен күтілетін экономикалық әсер – 22,5 млрд теңге.

Al FARABIUM суперкомпьютерін тәжірибеде қолдану туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы хабарлады
«Самұрық-Қазына» қорының жасанды интеллект жобалары Al FARABIUM суперкомпьютерінде жабық контурда жүзеге асырылуда. Бұл туралы АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Ол «Қазақтелекомның» инфрақұрылымы өңірдегі ең дамыған жүйелердің бірі екенін және әлемдік суперкомпьютерлер рейтингісінің топ-200 тізіміне еніп, 103-орында тұрғанын атап өтті. Қазіргі уақытта есептеу қуаттарының 25%-ын «Самұрық-Қазына» тобы пайдаланады, ал қалған 75%-ы коммерциялық тұтынушыларға, оның ішінде шетелге де, жалға беріледі.

Бұл – платформаның жоғары сұраныста екенін, сенімді және тиімді екенін растайды, - деді Нұрлан Жақыпов.