«Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

«Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара аясында мерейтойға орай жарық көрген «Ұлттың үнбайрағы» атты кітап таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Іс-шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, радио саласының ардагерлері мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар, радионың дамуына үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге марапат табысталды.

Бұдан бөлек, мерейтой аясында қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы жарияланды. Байқау шарттары туралы толық ақпаратпен «Шалқар» радиосының сайтынан танысуға болады.

Айта кетейік, наурыз айының басында Алматы қаласындағы «Радио үйі» ғимаратында толық жөндеуден өткен студия ашылып, оған қазақтың тұңғыш радиодикторы Мина Сейітованың есімі берілді.