«Салауатты отбасы – салауатты қоғам»: Астанада ата-аналар спартакиадасы өтті

Бүгін, 12:29
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Салауатты отбасы – салауатты қоғам»: Астанада ата-аналар спартакиадасы өтті
Фото: Ришат Иркабаев

Елордада «Зерде» мамандандырылған лицейінде ата-аналар арасында «Салауатты отбасы – салауатты қоғам» спартакиадасы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Спорттық іс-шараларға жүзден аса ата-ана қатысты. Сайыскерлер шахмат, волейбол және үстел теннисінен күш сынасты. 

«Мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың ұйымдастыруымен дәстүрлі спартакиада үшінші рет өткізіліп жатыр. Бұл лицейде аптасына жүйелі түрде өтетін жарыстардың қорытынды есебі десе де болады. Басты мақсат – отбасымен бірге уақыт өткізу, ұстаз, ата-ана, оқушылардың бір ортада араласуы, тәжірибе алмасуы. Сондықтан да спартакиадаға қатысатын ата-аналар саны жылдан-жылға көбеюде. Бүгінгі жарыста 7-11 сынып аралығындағы оқушылардың ата-аналары атсалысады. Әрі өздері осы жарысқа қолдау көрсетіп, демеуші болып отыр», - деді «Әкелер кеңесінің» төрағасы Мұхтар Шотбаев.


Аталған спорттық іс-шараға келген белсенді ата-ана елордадағы айтулы білім ордасының жетістіктеріне де тоқталып, бүгінгі сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.  

«Осы мектептегі балаларға үлгі көрсету мақсатымен жарысқа қатысып жатырмыз. Сондай-ақ, жаңадан келіп жатқан ата-аналармен танысып әрі мектеп қабырғасында болатын жиындарға белсенді қатысу арқылы ұжымға қолдау көрсету үшін бас қосып отырмыз. Балаларымызға білім, өнер мен спортта толайым жетістіктерге жетіп, мемлекетіміздің білімді де білікті азаматы болып қалыптасуына тілектестігімізді білдіреміз. Оған бек сенеміз. Өйткені бұл білім ордасының жетістіктері мол. Қандай да олимпиададан, халықаралық сайыстардан жүлдесіз қалған кезі жоқ. Әрқашан алдыңғы орындардан көрініп жүр. Бұдан әрі де биік белестерді бағындыра берсін дейміз. Бүгін сайыскерлерге сәттілік тілеймін», - деді ата-ана Марат Исабаев.

Айта кетейік, спартакиада нәтижесінде жүлдегерлер арнайы кубоктар және медальдармен марапатталатын болады.


Еске салайық, бұған дейін елордада «Бұрқасын-2026» қысқы фестиваліне  2000-нан астам қатысушы жиналғаны туралы жаздық.