«Бұрқасын-2026»: елордада қысқы фестивальге 2000-нан астам қатысушы жиналды
Астанада Есіл өзенінің бойында 25-ші мәрте «Бұрқасын-2026» қысқы фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Фестиваль Милан-2026 қысқы Олимпиадасының қатысушыларын қолдауға арналды.

«Бүгінгі шараның біз үшін орны бөлек. Түнде ғана Италиядан сүйінші хабар жетіп, 32 жылдан кейін мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қазақстанның қысқы Олимпиада тарихындағы екінші алтынды жеңіп алды. 2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Бұрқасын» фестивалі де бұқаралық спорттың дамуына үлкен үлес қосып, қыстық спортты насихаттайды деп сенемін. Бүгін біз спорттық жарыстар өткізіп қана қоймай, Қысқы Олимпиада ойындары алаңында ел намысын қорғап жатқан спортшыларымызға үлкен қолдау көрсету мақсатында, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидаты аясында бас қосып отырмыз. Бүгінгі белсенділігіміз – оларға деген шынайы тілеулестігіміздің белгісі. Барша қатысушыларға тек сәттілік, жоғары нәтиже, әділ бәсеке тілеймін!», - деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.
2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Бұрқасын» фестивалінде алғашқыда 5 спорт түрі қамтылса, биыл оның саны 13-ке дейін жетті. Оның ішіне шаңғы жарысы, гір спорты, армрестлинг, пимамен хоккей, белбеу күресі, мотокросс, автоспорт, арқан тарту, қысқы мини-футбол, қар лақтыру, қысқы волейбол, мас-рестлинг және тюбинг жарыстары кіреді.

«Бұрқасын» фестиваліне тұрақты түрде қатысып келемін. Өзімнен бөлек, бүгін қызым да шаңғы жарысында өнер көрсетті. Қыстық спорт тұмаудың алдын алып қана қоймай, төзімділікті арттыруға сеп болады. Бүгінгі фестивальдің атмоферасы керемет», - деді Астана қаласының тұрғыны Станислав Зуров.
Кешке дейін жалғасатын спорттық шарада түскі 14:30-да Милан Олимпиадасында жүлдеге таласып жатқан фристайлшы Юлия Галышева мен Анастасия Городконың сайысы тікелей эфирде көрсетіледі.