Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқасы анықталып, кері қайтырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ведомствоның мәліметінше, «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Ресейдің Самара облысынан Қызылорда облысына бет алған жүк көлігі тоқтатылған. Тексеру барысында көлікте 63 мың дана тауық жұмыртқасы тасымалданып келе жатқаны белгілі болған.
Құжаттарды тексеру нәтижесінде заңбұзушылық анықталған.
«Ветеринариялық ілеспе құжаттарда көрсетілген жүк жөнелтуші жануардан алынатын өнімдерді ЕАЭО елдеріне жеткізуге рұқсаты бар ұйымдардың тізіліміне енгізілмеген. Осы себепті жүк кері қайтарылды», - делінген хабарламада.
Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Тасымалдаушыға қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық талаптар түсіндірілген.
АШМ дерегінше, 2025 жылдың басынан бері ЕАЭО елдерімен шекарада ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 57 185 көлік құралын және шамамен 738 мың тонна мал шаруашылығы өнімдерін тексерген.
Нәтижесінде 1 020 көлік кері қайтарылып, 397 әкімшілік хаттама толтырылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы – 19,7 млн теңге.