Рәміздер күніне орай Астанада «Менің елім – менің туым» акциясы басталды
Астанада Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында «Менің елім – менің туым» дәстүрлі акциясы басталды. Елорда жастары мен қала әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шара аясында мемлекеттік Ту қаладағы тұрғын үйлердің қасбетіне ілінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Акцияның басты мақсаты – жастар арасында патриоттық құндылықты дәріптеу, мемлекеттік рәмізге деген құрметті арттыру және елдік рухты нығайту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл бастамаға жыл сайын қатысушы қатары артып келеді.
«Мемлекеттік рәміздер – біздің тарихымызды, мәдениетімізді және тәуелсіз мемлекет ретіндегі болмысымызды айқындайтын басты құндылықтың бірі. «Менің елім – менің туым» акциясы жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін нығайтады. Әсіресе, мұндай бастамалардың жастардың өздері тарапынан көтеріліп, қоғамдық қолдауға ие болуы қуантады», – деді қалалық мәслихат депутаты, AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм.

Оның пікірінше, көк байрақты құрметтеу – әрбір азаматтың жауапкершілігі.
Айта кетейік, бүгінде елордалық жастар түрлі қоғамдық, мәдени және әлеуметтік жобаларға белсенді қатысып келеді. «Менің елім – менің туым» акциясы да – олардың ел болашағына бейжай қарамайтындығын көрсететін маңызды бастамалардың бірі. Акция Мемлекеттік рәміздер күніне дейін жалғасып, қала тұрғындары мен еріктілер де белсенділік танытпақ.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын «Менің елім – менің туым!» челленджі аясында Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың балкондарына 1 мың мемлекеттік ту ілінген болатын.