Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ел намысын екі спортшы қорғайды
Елімізде мәнерлеп сырғанаумен тұрақты жаттығатындар саны жыл сайын артып, бүгінде 2 700 адамға жақындады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстандық мәнерлеп сырғанау одағының вице-президенті Мұракерім Бұрхан мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол мәнерлеп сырғанау спорты еліміздің 16 өңірінде кешенді дамып келе жатқанын атап өтті.
Жасөспірімдер спорт мектептеріндегі балалар саны 1 мыңнан асады, жаттықтырушылар саны да 70-тен асты.
Қазақстан Республикасының аумағында мәнерлеп сырғанаумен айналысуға арналған 26 мұз аренасы жұмыс істейді.
Аталған ареналардың 5-еуі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, атап айтқанда: «Алматы Арена», «Халық Арена», «Барыс Арена», «Қарағанды Арена» және Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы.
«Мәнерлеп сырғанау спортының Халықаралық аренадағы спортшыларымыз жайлы айтқанда есімізге бірінші ретте Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева, Михаил Шайдоровтардың есімдері түседі. Бұлардан бөлек те әртүрлі жылдарда ел намысын Азия және әлемдік ареналарда абыроймен қорғаған спортшыларымыз аз емес. Әйтсе де, әрбір спорттың асқар шыңы – Олимпиада ойындары.
Төрт жылда бір келетін төрткүл дүниенің спорт додасына Тәуелсіз Қазақстан ретінде ел спортшылары бес рет қатысты. 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Тен қолаға қол жеткізіп, тарих жасады», - деді Мұракерім Бұрхан.
2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан ел намысын екі спортшымыз – Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина қорғайтыны атап өтілді.
Бұған дейін спортшылар XXV Қысқы Олимпиада ойындарында 10 спорт түрінен бақ сынайтынын жаздық.