«Қазсушардың» барлық бөлімшесінде жаңа Конституция жобасы талқыланып жатыр

«Қазсушардың» барлық бөлімшесінде жаңа Конституция жобасы талқыланып жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасына сәйкес «Қазсушар» мекемесінің барлық филиалы мен өндірістік бөлімшелерінде, сондай-ақ барлық бассейндік су инспекцияларда жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған іс-шаралар өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңеске қатысушылар еліміздің басты заң жобасындағы негізгі жаңашылдықты қарастырып, су шаруашылығы саласына және сала қызметкерлерінің еңбек жағдайына қатысты нормаларды талқылады. Конституциялық өзгерістердің құқықтық маңызы мен құжатта көзделген қағидаттарды іске асыру мәселелері түсіндірілді. Ашық пікір алмасу жүргізіліп, мамандардың барлық сұрағына нақты жауап беріліп жатыр.

«Инженер-гидротехник ретінде жаңа Конституция жобасында біздің салаға қатысты көптеген норманы көріп отырмын. Мысалы, су қауіпсіздігін басымдық ретінде бекіту, инновацияларға, ғылым мен цифрландыруға баса мән берілуі. Біз, жас мамандар, бұл өзгерістерге белсенді қатысуға дайынбыз», – деді «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының инженер-гидротехнигі Дидар Ахметжанов.

«Жаңа Конституция жобасында тұрақты даму тұрғысынан қарастырылған экологиялық аспектілер қамтылған. Бұл жерде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының логикалық жалғасы айқын көрінеді. Әрбір қазақстандық өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, Ата заң жобасы бойынша пікірін айту үшін референдумға қатысуы тиіс деп есептеймін»,– деді «Қазсушар» РМК Қ. Сәтбаев атындағы канал филиалының жетекші инженер-гидротехнигі Светлана Жаркова.

Еске сала кетсек, еліміздегі су қоймаларында 14,3 млрд текше метр тасқын суға арналған қор бар екендігі хабарланды.