Қазгидрометте жаңа Конституция жобасының экологиялық нормалары талқыланды
Қазгидрометте аппараттық кеңес өтіп, онда жалпыхалықтық талқылауға шығарылған жаңа Конституция жобасының экологиялық ережелері қаралды., деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жоба бойынша Конституция деңгейінде алғаш рет табиғатқа ұқыпты қарау қағидаты әділеттілік, заң және тәртіп сияқты негізгі мемлекеттік қағидаттармен қатар бекітілетіні атап өтілді. Экологияға қатысты жаңа конституциялық нормаларды енгізу мемлекеттік табиғатты қорғау саясатын іске асыру және орнықты даму моделіне көшу үшін берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Конституция жобасына сәйкес экология мемлекеттің базалық құндылығы ретінде айқындалады. Азаматтардың табиғатты сақтау және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау міндеті бекітіледі. Мемлекет өз кезегінде адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету міндеттемесін алады, сондай-ақ халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін фактілер мен жағдайларды жасыру үшін заңдық жауапкершілік енгізіледі.
Сондай-ақ Конституцияда экологиялық міндеттердің бекітілуі экологиялық заңнаманы одан әрі жетілдіруге, биоалуантүрлілікті қорғауға, құқық қолдану тиімділігін арттыруға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға құқықтық негіз болатыны атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша жаңа Конституция жобасының нормалары азаматтардың экологиялық құқықтарын ұзақ мерзімді қорғауға, елдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескере отырып, орнықты дамуды қамтамасыз етуге негіз болатыны айтылды.