Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 1000-нан астам медаль жеңіп алды

Бүгін, 11:47
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 1000-нан астам медаль жеңіп алды
Фото: magnific.com

2025-2026 оқу жылында еліміздің 1,6 млн-ға жуық оқушысы 80-нен астам республикалық зияткерлік жарысқа қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Халықаралық деңгейде ел намысын 5 052 оқушы қорғады. Олар 37 олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1 026 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 190 алтын, 332 күміс және 504 қола медаль бар. Тағы 56 қатысушы арнайы марапаттарға ие болды.

Математика бағыты бойынша ел құрамасы Вильнюсте өткен European Mathematical Olympiad жарысында абсолютті көшбасшы атанды. Салоники қаласында өткен Balkan Mathematical Olympiad жарысында команда мықты математикалық мектептері бар елдер арасында жалпыкомандалық есепте 6-орын алды.

Сондай-ақ Қазақстандық оқушылар Финиксте өткен әлемдегі ең ірі ғылыми-инженерлік көрме Regeneron ISEF-ке де қатысты. Қатысушылардың бірі жасанды интеллектіні қолдану арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтау жобасы үшін арнайы марапат пен шетелдік университеттің білім грантын алды.

Хьюстонда өткен робототехника бойынша халықаралық жарыстарда қазақстандық оқушылар 50 мыңнан астам қатысушы арасында 12 наградаға ие болды. Күздің соңына дейін ел оқушылары тағы 10-нан астам халықаралық жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері біржолғы төлем алады. Алтын медаль үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль үшін 1000, қола медаль үшін 500 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған. Педагог-жаттықтырушылар 8,5-тен 26,5-ке дейінгі базалық лауазымдық айлықақы көлемінде ынталандыру төлемдерін алады», делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2025 жылғы тамызда Мемлекет басшысы олимпиада жеңімпаздарымен алғаш рет Ақордада кездесті. Тамыз кеңесі аясында ол олардың тәлімгерлерін де мемлекеттік наградалармен марапаттаған болатын. 

Еске салсақ, Астанада биыл 16 мыңнан астам оқушы мектеп бітіретінін жаздық