Қазақстанда Palo Alto Networks-тің киберқауіпсіздік бастамалары іске асырыла бастады
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Palo Alto Networks арасындағы ынтымақтастық практикалық іске асыру кезеңіне өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ЖИЦДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары барысында қол қойылған меморандум негізінде басталған серіктестік бүгінде ақпараттық жүйелерді қорғау, кибертөзімділікті нығайту және жаңа буын мамандарын даярлау сияқты елдің цифрлық егемендігі үшін стратегиялық бағыттарды қамтиды.
Министрліктің мәліметінше, ынтымақтастық Palo Alto Networks компаниясының киберқауіпсіздік саласындағы көпжылдық тәжірибесіне сүйенеді. Бұл әріптестік Қазақстанға озық халықаралық технологияларды ұлттық ақпараттық қорғаныс архитектурасына енгізуге және цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ететін инновациялық шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Компания 2007 жылы келесі буын желіаралық экрандарын (NGFW) ұсынып, ал 2018 жылы XDR технологиясын енгізу арқылы киберқауіптерді анықтау мен оларға ден қоюдың жаңа стандарттарын қалыптастырған. Бүгінде бұл шешімдер әлем бойынша ірі корпорациялар мен мемлекеттік ұйымдарда кеңінен қолданылады.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен маңызды инфрақұрылым нысандары Palo Alto Networks-тің Cortex XDR және XSOAR платформаларын, жасанды интеллектке негізделген қорғаныс технологияларын, жаңа буын желіаралық экрандарын, сондай-ақ SASE және ZTNA 2.0 архитектураларын сынақтан өткізіп, кезең-кезеңімен енгізуде. Бұл құралдар инциденттерге жедел әрекет етуге ғана емес, қауіп-қатерлерді проактивті анықтап, кибершабуылдарды автоматты түрде бұғаттауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Техникалық бағытпен қатар білім беру бастамалары да іске асырылып жатыр. Palo Alto Networks киберқауіпсіздік академиясы Қазақстан-Британ техникалық университеті, SDU University, АЭжБУ, Astana IT University, сондай-ақ Coventry және De Montfort университеттері студенттерін қамтып отыр. Болашақ мамандар заманауи шешімдермен жұмыс істеуді меңгерсе, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания қызметкерлері халықаралық стандарттарға сай қайта даярлаудан өтіп жатыр.
Халықаралық тәжірибе алмасу аясында қазақстандық делегация Әзербайжанға барып, CERT ұлттық орталығының тәжірибесін зерделеді. Әсіресе, дербес деректерді қорғау мен GDPR стандарттарын енгізу мәселелеріне басымдық берілді. Бұл тәжірибе жасанды интеллектке байланысты қауіптерден қорғау бағытындағы жаңа заңнамалық бастамаларға негіз болмақ.
Жобалардың алғашқы нәтижелері 7 сәуірде Астанада өтетін Innovation Day аясында таныстырылады. Іс-шара Қазақстанда жоғары халықаралық стандарттарға сай қауіпсіз әрі инновациялық цифрлық ортаны қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болады.
Бұдан бұрын елімізде азаматтардың дербес деректерін қорғау күшейтілетінін жазған болатынбыз.