Қазақстанда медицина қызметкерін қорғауға бағытталған заң нормалары күшіне енді
Бүгін Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану мен қорқыту әрекеті үшін жазаны күшейту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, қабылданған Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл өзгерістер Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді көздейді. Аталған бап медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғу үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді.
Құжат нормаларына сәйкес:
• күш қолдану қаупін төндіргені үшін 200-ден 500-ге дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген;
• аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалған жағдайда жаза күшейтіліп, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруды құрайды;
• өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолданылған жағдайда 500-ден 1 000-ға дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген;
• өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Сонымен қатар заңнамалық өзгерістермен қатар медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлерінің жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін күшейту бойынша қосымша шаралар енгізіліп жатыр.
Орта мерзімді кезеңде мынадай шаралар жоспарланған:
• 2,1 мыңнан астам фельдшерді бейнежетонмен жабдықтау;
• 636 қабылдау бөлімшесінде дабыл түймесін орнату;
• бейнебақылау жүйелерін интеллектуалды аналитикамен біріктіру;
• елдегі 152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция постының қызметін қамтамасыз ету.
2019 жылдан бері Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл фактісі тіркелген.
Еске сала кетсек, елімізде ауылдық жерлерде дәрігер тапшылығы 30 пайызға азайды.