Қазақстанда газ саласын бақылау күшейтіледі
Мәжіліс газбен жабдықтау және тауарлық газды ұқыпты тұтыну мәселелері бойынша депутаттар бастамашы болған түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекеттік мүлік туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Табиғи монополиялар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдары да өзгертіліп, толықтырылады.
«Заң жобасында ішкі нарықтағы газ айналымы кезінде есепке алуды цифрландыруге және ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Жеке газ таратушы ұйымдардың қызметін мемлекеттік реттеу және тариф қалыптастыру тәсілін жетілдіру көзделіп отыр. Сондай-ақ газдандыру жобаларын іске асыру барысында газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың бақылауы күшейтіледі», делінген хабарламада.
Бұдан былай магистральдық газ құбырларына газ тарату жүйесі арқылы тауарлық газды бір мезгілде екі немесе одан да көп газ таратушы ұйымның тасымалдауына тыйым салынады. Олардың магистральдық газ құбырына тікелей қосылуына қосымша талаптар белгіленеді.
Бұдан бөлек, көгілдір отын тарату жүйесінің жекелеген объектісін жеке инвесторлардың салуына мүмкіндік беріледі, сондай-ақ құрылыс шығыны өтелгеннен кейін газ таратушы ұйымдарға оларды иеліктен шығару қарастырылады.
Еске сала кетсек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды, жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауды тапсырды.