Қазақстан жастары халықаралық Voice Up инклюзивті лагеріне қатысып жатыр
Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан Voice Up халықаралық инклюзивті жастар лагеріне Қазақстан делегациясы қатысып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлгінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
7-12 маусым аралығында ұйымдастырылған халықаралық жоба ерекше қажеттілігі бар жастардың әлеуетін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жастар арасындағы тәжірибе алмасуды күшейтуге бағытталған.
Қазақстан делегациясының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, инклюзивті білім беру саласының мамандары, белсенді жастар және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген бастамашыл азаматтар енді.
Лагерь бағдарламасы аясында қатысушылар халықаралық форумдарға, тақырыптық тренингтерге, менторлық кездесулерге және ашық пікірталас алаңдарына қатысады. Сонымен қатар әлеуметтік бастамалардың таныстырылымдары мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Voice Up лагері ерекше қажеттілігі бар жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасап қана қоймай, еріктілік мәдениетін дамытуға және жаңа халықаралық серіктестіктер орнатуға мүмкіндік береді.
Жоба барысында әр елдің өкілдері инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жастар саясаты, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді талқылайды.
Бұдан бұрын елімізде инклюзивті ортаны дамыту үшін 100-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатқанын жазған едік.