Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: заң үстемдігі, теңгерімді даму және ұлттық келісім
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің VI және VII шақырылымдарының депутаты Гүлнар Бижанова өзінің авторлық мақаласында Жаңа Конституцияның маңызы туралы жазды. Elordainfo.kz мақаланың толық нұсқасын ұсынып отыр.
2026 жылдың 1 шілдесінде еліміз жаңа конституциялық дәуірге қадам басты.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңартылған Конституция бойынша өмір сүре бастайды. Бұл құжат мемлекеттік құрылысты терең жаңғыртудың негізіне айналып, суперпрезиденттік үлгіден Парламенті – енді Құрылтай деп аталатын – күшейтілген президенттік республикаға көшу үдерісін аяқтады. Сонымен қатар, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежеу тетіктері нығайтылып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтілді.
Мен ҚР Парламенті Мәжілісінің алтыншы және жетінші шақырылымының депутаты, халықты әлеуметтік қорғау саласында, прокуратура органдарында, тау-кен металлургия кешенінде мол тәжірибесі бар маман әрі қазіргі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнестің құқықтарын қорғау бағытында қызмет атқарып жүрген тұлға ретінде (соның ішінде тау-кен металлургия кешенін дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі ретінде), бұл өзгерістерді мемлекетіміздің дамуына бағытталған жан-жақты ойластырылған әрі байыппен сараланған қадам деп бағалаймын. Өйткені олар экономикалық өсуді әлеуметтік әділеттілікпен және құқық үстемдігі қағидатымен үйлесімді ұштастыруға мүмкіндік береді.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа конституциялық нормаларды нақтылап, оларды іске асыруды қамтамасыз ететін конституциялық заңдар топтамасына қол қойды. Бұл – конституциялық реформаны практикалық тұрғыдан жүзеге асырудағы маңызды кезең.
Саяси архитектура: тепе-теңдік пен тиімділік
Қол қойылған заңдар билік жүйесінің сапалық тұрғыдан жаңа үлгісін бекітеді. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Заңға сәйкес, Вице-президент лауазымы енгізіледі. Ол Президенттің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдағы мүдделерін білдіріп, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асыратын болады.
Құрылтай – жоғары өкілді және заң шығарушы орган – бес жыл мерзімге партиялық тізімдер бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады. Оған бірқатар маңызды өкілеттіктер беріледі: негізгі мемлекеттік лауазымдарға тағайындауларды келісу, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді бекіту, сондай-ақ президенттік сайлауды тағайындау. Енді Үкімет бір мезгілде Президентке де, Құрылтайға да есеп береді.
Сондай-ақ, жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ету және азаматтық қоғамның ішкі саясатты қалыптастыруға кеңінен қатысуына жағдай жасау мақсатында жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі құрылды. Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы беріліп, жалпыхалықтық референдумдар өткізуді бастамашылық ету мүмкіндігі қарастырылған.
Бұдан бөлек, елорданың мәртебесі және әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы конституциялық заңдарға қол қойылды. Олар Астананы басқару, оның дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және олардың шекараларын өзгерту тәртібін реттейді.
Осылайша, жаңа Конституция мен конституциялық заңдар күшті Президент, ықпалды өкілді орган және есеп беретін Үкімет қағидаттарына негізделген саяси жүйенің одан әрі дамуын бекітеді. Бұл билік вертикалін әлсірету емес, керісінше оның заңдылық, кәсібилік және тиімді тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктері арқылы сапалық тұрғыдан нығаюын білдіреді.
Құқық үстемдігі және құқықтарды қорғау: прокуратурадан бизнеске дейін
Прокуратура мен әлеуметтік қорғау саласында тәжірибеден өткен, ал бүгін бизнестің құқықтарын белсенді түрде қорғайтын маман үшін жаңа конституциялық негіздің адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік саясаттың орталығына қоюы айрықша маңызды. Конституцияда бекітілген жоғары құндылықтар тек азаматтық және саяси құқықтарды ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік кепілдіктерді, меншік пен кәсіпкерлік қызметтің сенімді қорғалуын да қамтиды.
Мен күнделікті құқық қорғау жүйесімен, сот билігімен, Инвесторлардың құқықтарын қорғау Комитетімен және, Бас Прокуратурамен өзара іс-қимыл жасаймын. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының отандық инвестор құқықтарын қорғаудағы бірыңғай терезе ретіндегі рөлін атап өтті. Ұлттық палата – отандық инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша хаттамалау, кеңестер өткізу және жедел шешім қабылдау үшін негізгі алаң, яғни бірыңғай терезе қызметін атқаратын маңызды платформаға айналды.
Жаңа Конституция мен қол қойылған заңдар осы қызмет үшін қуатты құқықтық негіз қалыптастырады: сот билігінің тәуелсіздігі, кінәсіздік презумпциясы, сондай-ақ, өзін тәуелсіз конституциялық бақылау органы ретінде іс жүзінде тиімділігін дәлелдеген Конституциялық Сот – мұның бәрі азаматтарды, бизнесті және инвесторларды озбырлық пен сыбайлас жемқорлықтан қорғаудың нақты кепіліне айналуы тиіс.
Әлеуметтік қорғау және құқықтық саладағы тәжірибе көрсеткендей: егер ойын ережелері түсінікті, тұрақты және барлығына бірдей қолданылатын болса, қоғам әлдеқайда біртұтас болады, ал экономика тұрақты әрі орнықты дамиды.
Экономика және ТМК: ойын ережелерінің тұрақтылығы
Елдің стратегиялық саласы болып табылатын тау-кен металлургия кешені үшін жаңа конституциялық өзгерістер қосымша мүмкіндіктер ашады. Меншік кепілдіктері, кәсіпкерлік еркіндігі, монополиялар мен бәсекелестікті реттеу, басым аумақтар үшін арнайы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігі – мұның бәрі ұзақ мерзімді инвестициялар тартуға, жаңа технологияларды енгізуге және экономикалық, экологиялық әрі әлеуметтік мүдделердің теңгерімін қамтамасыз етуге болжамды орта қалыптастырады.
«Атамекенде» отандық инвесторлардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай терезесі ретінде біз күнделікті бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдармен жұмыс істейміз. Қол қойылған заңдар мен жаңа Конституция іскерлік ахуалды жүйелі түрде жақсартуға қуатты серпін береді. Бизнес ашық әрі тұрақты ережелер болған жағдайда, нормашығармашылық процеске сараптамалық деңгейде тең қатысу арқылы мемлекетпен жауапты серіктес болуға дайын, сонымен қатар, өңірлерде лайықты жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік жобаларды іске асыруға да атсалысады.
Цифрландыру, адами капитал және орнықты даму
Мемлекет басшысы 2026 жылды цифрландыру мен жасанды интеллект жылы деп жариялады. Жаңа конституциялық негіз бұл бағытты толық қолдайды: ғылымды, инновацияны, адами капиталды және экологиялық мәдениетті дамыту басымдық ретінде айқындалған. Дербес деректерді қорғау, ақпарат еркіндігі мен оны орынды шектеу қағидаттары, әлеуметтік қызметтер мен құқықтық рәсімдерді цифрландыру – мұның бәрі Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдырудың негізі болып табылады. Мұндай жағдайда әлеуметтік қорғау жүйесі де, бизнестің құқықтарын қорғау тетіктері де неғұрлым тиімді әрі қолжетімді бола түседі.
Алдағы кезең: заңдардан күнделікті практикаға
Президенттің конституциялық заңдар топтамасына қол қоюы – маңызды межелік кезең. Ендігі міндет – бүкіл заңнаманы жедел түрде жаңа Конституцияға сәйкестендіруді аяқтау, Құрылтайға сайлау өткізу, жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастыру, соның ішінде Конституциялық Соттың құрамын жаңарту және ең бастысы – жаңа институттарға нақты мазмұн беру. Бұл әсіресе азаматтардың, бизнестің және инвесторлардың құқықтарын қорғау саласына қатысты өзекті.
Алдағы ең күрделі міндет – мемлекеттік және қоғамдық процестің барлық қатысушылары арасында конституциялық құқықтық сананы қалыптастыру.
Қазақстан қандай жолмен дамып келеді
2026 жылғы 1 шілдеден бастап еліміз мына бағыттар бойынша нық дамып келеді:
* билік тармақтарының теңгерімді жүйесі мен жаңартылған институттар арқылы саяси тұрақтылықты нығайту;
* цифрландыру, жасанды интеллект, экономиканы әртараптандыру және сапалы инвестицияларды тарту негізінде экономиканы жаңғырту;
* әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту және халықты қорғау жүйесін күшейту;
* құқық үстемдігін орнықтыру және бизнес пен инвесторлардың құқықтарын сенімді қорғау;
* экологиялық жауапкершілік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету;
* көптүрлілік жағдайында жалпыұлттық диалог пен келісімді нығайту.
Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған және халық қолдаған бағыт. Біздің ортақ міндетіміз – осы жолмен жүйелі, кәсіби әрі жауапты түрде ілгерілеу.
Жаңа Конституция мен қол қойылған конституциялық заңдар Қазақстанды неғұрлым әділетті, технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикалық жағынан қуатты, әлеуметтік бағдарланған және инвестициялық тұрғыдан тартымды мемлекетке айналдырудың берік негізін қалайды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық инвесторлардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай терезесі ретінде бұл үдерісте белсенді қатысуға дайын.
2026 жылғы 1 шілде – тек қана Негізгі Заңның күшіне енетін күн емес. Бұл – құқыққа, жасампаздыққа, әлеуметтік әділеттілік пен бірлікке негізделген болашақты бірге құру жөніндегі ортақ таңдауымыздың расталуы.