Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түлік тауары бойынша ең төмен бағаны сақтап отыр
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында аталған санаттағы тауарлар бойынша ең төмен бағаның бірін сақтап келеді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 8,6% болды. Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл нәтижеге сауда үстемелеріне бақылауды күшейту, өңірлік комиссиялар мен тұрақтандыру қорларының белсенді жұмысы, маусымаралық кезеңде нарықты толықтыру шаралары, сондай-ақ сауда акциялары мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу себеп болды.
Инфляциялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі уақытша 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. Жаңартылған тізбе бойынша ТОП-800 сауда нысаны айқындалып, мәліметтер жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Тауар нарығын талдау және жекелеген позициялардың инфляция құрылымына әсерін бағалау негізінде тоғыз басым тауар айқындалды. Олардың қатарына қырыққабат, сәбіз, картоп, пияз, күнбағыс майы, ұн, сиыр еті, күріш және макарон өнімдері енгізілді. Аталған тауарлар бойынша маусымаралық кезеңінде басым реттеу шаралары қолданылады.
Министрлік халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен маусымдық факторларға тәуелсіз тұрақты қамтамасыз етудің жаңа моделін әзірледі. Модель тіркелген бағаларды белгілеуді, делдалдық құрылымдардың негізсіз жоғары маржасын болдырмауды және әкімдіктердің ресурстарын шоғырландыру арқылы нарыққа үйлестірілген ықпал етуді көздейді.
Еске слаа кетсек, Қазақстан өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтты.