Қазақстан бітімгерлері Сирияда гуманитарлық акция өткізді
Біріккен Ұлттар Ұйымының «Бөлінуді қадағалау күштері» миссиясы құрамында қызмет атқарып жүрген қазақстандық бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілері Сирия Араб Қызыл ай ұйымының өкілдерімен бірлесіп гуманитарлық акция ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Олар Сирияның оңтүстік-батысындағы Кунейтра провинциясындағы Трунжа елдімекенінде бейбіт тұрғындарға білікті медициналық көмек көрсету үшін далалық лагерь құрды. Әсіресе балаларға, қарттарға және әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылды.
Әскери дәрігерлер медициналық тексерулер жүргізіп, кеңес беріп, мұқтаж тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмектерді таратты. Көмекке жүгінген науқастар арасында жиі кездесетін диагноздар: жедел респираторлық аурулар, тірек-қимыл жүйесі аурулары, артериялық гипертензия және қант диабеті.
«Аталған акция Қазақстанның бітімгерлік қызметтегі белсенді рөлін айқындап, елдің халықаралық беделін нығайтуға және азаматтық соғыс салдарынан гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған жергілікті тұрғындардың сенімін арттыруға ықпал етті», делінеді хабарламада.
Қазақстандық бітімгерлер 93 науқасқа тексеру жүргізіп, жоғары дайындық деңгейін, жауапкершілігін және жергілікті халықтың қажеттіліктеріне жедел әрекет етуге әзірлігін көрсетті.

Еске салсақ, Президент Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтату және бітімге келуге қатысты пікір білдірген еді.