Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі ТОП-20 елдің қатарына енді

Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі ТОП-20 елдің қатарына енді
Фото: Көлік министрлігі

ICAO-ның GISS 2026 симпозиумы аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Кеңесінің президенті Тошиюки Онумамен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтемен жасап. 

Іс-шараға ICAO  бюросының өңірлік директоры Николас Ралло және Қазақстанның ICAO-дағы Тұрақты өкілі Тимур Тілегенов қатысты.

Тошиюки Онума Қазақстанның белсенді ұстанымын және ICAO қызметіне қосып жатқан үлесін жоғары бағалайтынын, елдің ұйым принциптеріне адалдығын барлығы анық көріп отырғанын жеткізді. 

«Мен үшін ұйымның мүше мемлекеттерге нақты қандай қолдау көрсете алатынын және олардың қажеттіліктерін түсіну өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл өте жағымды сигнал және ол сіздердің тараптарыңыздан байқалады», - деді ол. 

Салтанат Томпиева саланың даму көрсеткіштері туралы баяндады.

«Авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші 62%-дан 95,7%-ға дейін өсті, бұл Қазақстанға әлемдегі ТОП-20 елдің қатарына кіруге мүмкіндік берді. 2025 жылы Қазақстандағы жолаушылар ағыны пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 80%-ға артты. Ұшу қауіпсіздігі бойынша Қазақстанның көрсеткіші 2009 жылғы 47%-дан 2025 жылы 82%-ға дейін көтерілді. Бұл өсім әлемдік орташа деңгейден (69,3%) және жалпыеуропалық көрсеткіштен (76%) 35%-ға жоғары», - деді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы.

Қазақстанның Чикаго конвенциясының 50 (а) және 56-баптарына енгізілген түзетулерді ратификациялауы маңызды қадам болды. Заңға қол қою Қазақстанды ИКАО Ассамблеясының алдағы Төтенше сессиясы барысында ИКАО Кеңесіне ұсынуға мүмкіндік береді. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы туралы конвенцияға түзетулерді ратификациялау ИКАО Кеңесі мен ИКАО Аэронавигациялық комиссиясының құрамын кеңейту туралы шешімдердің күшіне енуін қамтамасыз етеді.

Қазақстан – теңізге шыға алмайтын, 32 дамушы елдің ішіндегі ең ірісі. Қазіргі уақытта ИКАО Кеңесінде осы санаттағы елдердің ішінен тек Мали мен Уганда ғана мүшелік мәртебеге ие.

Салтанат Томпиева, сондай-ақ ИКАО Кеңесінің Президентіне көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі тәуелсіз органның құрылғаны, Астанада заманауи авиациялық оқу орталығын ашу жоспарлары және авиациялық инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасының іске асыру жоспарлары туралы хабардар етті. 

Кездесу соңында ААК төрағасы ИКАО Кеңесінің Президентін Қазақстанға келуге және авиациялық қауіпсіздік саласындағы маңызды халықаралық іс-шаралардың бірі – осы жылдың қазан айының 20-22 аралығында Қазақстанда өткізу жоспарланған 2026 жылғы ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік апталығы жаһандық симпозиумына қатысуға шақырды.

Еске сала кетсек, Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялауға қатысқандар марапатқа ие болды.