2030 жылға қарай Қазақстанда жаңартылатын энергия көздеріне алынатын электр қуатын 15%-дан асыру жоспарланған

Бүгін, 13:29
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
2030 жылға қарай Қазақстанда жаңартылатын энергия көздеріне алынатын электр қуатын 15%-дан асыру жоспарланған
Фото: Энергетика министрлігі

Бұл туралы Өңірлік экологиялық саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Жаңа Конституциямызда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды.

Яғни, біз үшін экологиялық қауіпсіздік пен өсіп-өркендеу жай ғана мәселе емес. Ол ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі және ұзақмерзімді даму стратегиясының арқауы ретінде қарастырылады.

Қазақстан:

- экологиялық таза энергия өндірісіне көшу;

- биоалуантүрлілікті қорғау;

- тозған жерлерді қалпына келтіру;

- су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру;

- су үнемдеу саясатын енгізу;

- қоршаған ортаны қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағыттарындағы шараларды қолға алды.

Әлбетте, ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды. Сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән береміз.

Біз аталған міндетті нақты іс, жаңа технологияларды игеру және тұрақты дамуға ұзақмерзімді инвестиция салу арқылы орындаймыз», - деді Президент.

Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асыруды және ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтуды жоспарлап отыр.

«Әділ және теңқұқылы энергетикалық модельге көшу негізгі басымдық саналады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз.

Біз мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреміз. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайды.

Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды.

Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық.

Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.