«Қауіпсіз өткел»: Жамбылда теміржолшылар 250 жүргізушіге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жамбылдық теміржолшылар «Тараз – Талас» және «Тараз – Бурыл» бағыттары бойынша теміржол өткелдерінде «Қауіпсіз өткел" профилактикалық акциясын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автомобиль қозғалысы қарқынды учаскелерге, оның ішінде «Ауыл Береке» базарлары мен Орталық базар маңындағы өткелдерге ерекше назар аударылды.
Профилактикалық рейдтерге Жамбыл көлік прокуратурасының, Тараз қаласының патрульдік полиция батальонының, Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің өкілдері, сондай-ақ Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі мен Жамбыл локомотив пайдалану депосының қызметкерлері қатысты.
«Акция барысында 250 жүргізушіге теміржол өткелдерінен қауіпсіз өту жөніндегі жадынамалар табысталды. Теміржолшылар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларға жол қозғалысы ережелерін, өткелдегі белгі беру талаптарын мүлтіксіз сақтау және жақындап қалған пойыз алдында өткелден өтуге тырысып, өз өміріне қауіп төндірмеу қажеттігін еске салды», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін ҚТЖ-ның төтенше жағдайларға дайындық пен өрт қауіпсіздігі шараларын күшейткені туралы жаздық.