Қауіп төнсе, «SOS» басыңыз: Астанада «SOS» батырмаларының саны 40-қа жетті

Бүгін, 14:46
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қауіп төнсе, «SOS» басыңыз: Астанада «SOS» батырмаларының саны 40-қа жетті
Фото: polisia.kz

Астана қаласында тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «SOS» жедел шақыру батырмалары орнатылған. Бүгінде олардың саны 40-қа жетті және олар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Аталған батырмалар адам көп шоғырланатын орындарда, атап айтқанда, теміржол вокзалдары, базарлар мен қалалық саябақтар аумағында орналасқан.

Бұл инфрақұрылым азаматтарға төтенше жағдай туындаған сәтте полициядан жедел әрі қолжетімді түрде көмек сұрауға мүмкіндік береді.

«Жыл басынан бері «SOS» батырмалары арқылы полицияға 9 өтініш келіп түскен. Барлық хабарламалар бойынша тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, оқиға орындарына дер кезінде жетіп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген», делінеді хабарламада.

Мәселен, кешкі уақытта Қабанбай батыр даңғылы бойындағы сауда ойын-сауық орталықтарының маңында күдікті тұлғалардың жүргені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері аумақты тексеріп, мән-жайды анықтау үшін қажетті шараларды қабылдады.

Полиция тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және күмәнді жағдайлар туындаса  «SOS» батырмасын немесе «102» арнасын пайдалануға шақырды.

Еске салсақ, Маңғыстауда полицейлер тұрғындарға бет-әлпетті жабуға қатысты заң талаптарын түсіндірді.