Маңғыстауда полицейлер тұрғындарға бет-әлпетті жабуға қатысты заң талаптарын түсіндірді
Маңғыстау облысында құқық қорғау органдары халық арасында жаңа заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері бірлесіп, халық көп шоғырланатын орындарды аралап, тұрғындарға заң талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Шара барысында азаматтарға қоғамдық орындарда бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге болмайтыны жөнінде ақпарат берілді.

«Аталған шектеулер құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті күшейту мақсатында енгізілген. Бұл шаралар қандай да бір діни көзқарасқа қарсы бағытталмаған. Керісінше, олардың негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту», – делінген хабарламада.
Бұған дейін елімізде қоғамдық орындарда бетті тұмшалауға тыйым салынғанын жазған едік.