Қасым-Жомарт Тоқаев: Барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық сұхбат орната білуі керек

Қасым-Жомарт Тоқаев: Барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық сұхбат орната білуі керек
Фото: Ақорда

Әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап

Президент осылайша, жұмыстың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға болатынын, қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажеттігін ескертті. 

«Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет. 

Жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс. Бюджет қабылданатын кезде «Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?» деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек. Күрішті күрмектен ажырата білу қажет. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттар депутаттары, ең алдымен, мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз. 

Барлық аймақтың мәслихаттары мен әкімдіктері бірлесіп, бюджеттің әр теңгесінің ел игілігіне жұмсалуын қамтамасыз етуге міндетті», - деді Мемлекет басшысы. 

Президент мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсуді, олардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейту қажеттігіне тоқталды. 

«Әкімдер халықпен кездескенде азаматтардың көбі нақты мәселелерді айтып, бірнеше сұрақ қояды. Сондай түйткілдер дұрыс шешімін табуы үшін депутаттық корпус белсенді түрде бақылау жасап, әкімдермен бірге жұмыс істеуі керек. 

Сондай-ақ мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қараған абзал. Олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Бұл ахуал мемлекеттік басқару үдерісіне кедергі келтіріп отыр. 

Сондықтан өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет. Мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы басқарудың ротациялық тәртібін мемлекеттік биліктің барлық деңгейіне біртіндеп енгізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда сайланатын әкімдердің өкілеттігі екі мерзіммен шектелген. Ол мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізу керек деп санайтынын жеткізді. 

«Бұрын мәслихаттарды басқаратын хатшылары болды, енді төрағалар басқарып отыр. Бұл, меніңше, дұрыс шешім болды. Алайда, олардың өкілеттігі де екі мерзімнен аспауы қажет. Осындай әдіс арқылы кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады. Бұл ұстаным елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың логикасына сай келеді», - деді ол. 

Мелекет басшысы барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті әңгіме, сұхбат орната білуі керек екенін атап өтті.  

«Шағымданатын азаматтардың арасында түрлі адам болады, бұл – белгілі нәрсе. Десек те, шын мәнінде, мұқтаж адамдар аз емес, оларға қолғабыс етуіміз керек. Бүгінде орталыққа аймақтардан жолданатын арыз-шағымдар көбейіп кетті. Бұл мәселе туралы мен Жолдауымда айтып өттім. Былтыр Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Шағымдардың басым бөлігін жергілікті деңгейде қарап, дер кезінде шешуге болатын еді. Ешкім де мүлде мүмкін емес мәселені айтпайтыны белгілі. 

Ашығын айтқанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қарапайым деген мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмайды. Содан соң азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады. Шын мәнісінде, олардың арасында үнемі арыз жазатын «кәсіби» шағымданушылар бар, бірақ көбі өз мұң-мұқтажын айтып, Ақордаға шағымдануға мәжбүр. 

Мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс. Олар тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесуі керек. Осы маңызды жұмысқа олардың құзыреті толық жетеді. Былтыр облыстық деңгейде атқарушы органдарға 6 мыңға жуық депутаттық сауал жолданды. Бірақ оның саны емес, сапасы маңыздырақ, яғни, мәслихаттар осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға тиіс. Түптеп келгенде, аймақтардың дамуы, тұрмыс сапасының жақсаруы, жұрттың билікке зор сеніммен қарауы Сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты. Осыны әрдайым басты назарда ұстаған жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті.