Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Болгария елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Болгария елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Фото: Ақорда

Ақорда резиденциясында АҚШ елшісі Джули Стаффт пен Болгария елшісі Георги Воденскидің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Болгария елшісі арқылы Президент Румен Радевке сәлемін жолдап, оның былтыр елімізге жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынасқа айтарлықтай тың серпін бергенін айтты.

– Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Саяси, сондай-ақ экономикалық бағыттағы ықпалдастық аясын кеңейту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Джули Стаффтпен әңгімелесу барысында АҚШ-қа жасаған сапары табысты өткенін ықыласпен еске алды.

– Президент Дональд Трамп мырзамен достық рәуіште мазмұнды әңгіме өрбітіп, келіссөздер жүргіздік. Таяуда біз телефон арқылы емен-жарқын сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастығымызға қатысты көптеген мәселені талқыладық. Мені жыл соңында Құрама Штаттарда өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтамын. Біз көптеген саладағы стратегиялық серіктестігімізді дамытып, нығайтуға күш саламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттері басшыларына ізгі тілегін жолдады.

Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент атынан «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының туыстарына Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырғанын жаздық.