Qarmet зауытының 1,8 млрд теңгеден асатын мүлкі ұрланды
Қаржылық мониторинг агенттігі (Qarmet құқықтық мирасқоры болып табылатын) «АрселорМитталТеміртау» АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша «АлбаСтройДор» ЖШС-нің директоры С.Кимге қатысты тергеу жүргізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2015 жылы «АрселорМиттал Темиртау» АҚ мен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында қайта өңдеу қалдықтарына билік ету құқығынсыз домна шлагын қайта өңдеу туралы шарт жасалған.
Алайда С.Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдалана отырып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Ұрланған мүлікті кедергісіз шығару мақсатында қылмыстық схемаға өзара байланысты күзет ұйымы – «Күзет» ЖШС тартылған, оның қызметкерлері автокөліктердің іс жүзінде бақылаусыз өтуін қамтамасыз еткен.
«Ұрланған мүлікті С.Ким өз бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» ЖШС және «ЦентрОптСнаб» ЖШС арқылы заңдастырған.
Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім ұрланған.
Күдікті Ким 2 ай мерзімге қамауға алынды», - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Qarmet АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевті қабылдаған болатын.