Қарағанды облысында жеңіл көлік жүк пойызымен соқтығысты
«Қарағанды – Сұрыптау – Құлайғыр» теміржол учаскесінде Audi автокөлігінің жүк пойызымен соқтығысуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 35 жастағы жүргізуші тыйым салатын қызыл сигналға қарамастан, теміржол өткеліне кіріп кеткен. Оның бұл әрекеті жүк пойызымен соқтығысуына әкелді.
Апат салдарынан жүргізуші мен көліктегі төрт жолаушы медициналық мекемелерге жеткізілді.
«Қазір полиция тарапынан оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізілуде.
Тергеу барысында әр қатысушының әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сай құқықтық баға берілетін болады», - делінген хабарламада.
Қарағанды облысының полиция департаменті тұрғындарды тағы да сақ болуға шақырады: теміржол өткелінен өту ережелерін бұзу — адам өмірі мен денсаулығына төнетін аса ауыр қауіп. Бұл бағыттағы кез келген жауапсыздық заң аясында қатаң жауапкершілікке әкеледі.
Бұған дейін Қарағанды облысында рельс ауыстырып жатқан төрт жұмысшыны пойыз қағып кеткен болатын.