Қалалық әуе мобильдігі және ұшқышсыз авиация: Қазақстан EHang тәжірибесін зерделеп жатыр

Қалалық әуе мобильдігі және ұшқышсыз авиация: Қазақстан EHang тәжірибесін зерделеп жатыр
Фото: Көлік министрлігі

ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Қытайдың Юньфу қаласындағы EHang компаниясының ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіретін зауытында болды, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төмен биіктіктегі экономиканы дамыту аясында қазақстандық делегация «Аллюр» компаниялар тобының өкілдерімен бірге EHang Future City компаниясының президенті Чжао Ванмен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында тараптар қалалық әуе мобильдігі саласындағы озық технологияларды енгізу мәселелерін, оның ішінде жолаушылар тасымалы мен логистикада eVTOL үлгісіндегі ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мүмкіндіктерін талқылады. Сапар аясында делегация EHang компаниясының бас кеңсесіне де барды.

Бұған дейін желтоқсанның басында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебінің (ENAC) директоры Оливье Шансу және оның орынбасары Николя Калазиспен кездесіп, кейін Қазақстан мен Airbus компаниясы A320neo әуе кемелерін жеткізу туралы келісімге келген еді.