Психолог: Адамдарда ішімдік - күйзелісті азайтудың немесе эмоциялық шаршаудан шығудың құралы деген қате түсінік бар

Бүгін, 13:18
elordaaqparat elordaaqparat
Психолог: Адамдарда ішімдік - күйзелісті азайтудың немесе эмоциялық шаршаудан шығудың құралы деген қате түсінік бар
Фото: Гүлнара Құрманғожинаның жеке мұрағатынан

Елордадағы №11 қалалық емхананың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек беру бөлімшесінің психологы Гүлнара Құрманғожина Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында ішімдікке тәуелділік, маскүнемдіктің себептері мен оның алдын алу жолдары туралы айтты.

- Бүгінгі таңда қоғамдағы маскүнемдік мәселесінің деңгейін психолог ретінде қалай бағалайсыз? Соңғы жылдары трендтер өзгерді ме?

- Қазіргі таңда маскүнемдік қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік-психологиялық мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы жылдары ішімдікке тәуелділік тек ересектер арасында емес, жастар мен әйелдер арасында да жиілеп келеді. Бұрын алкоголь көбіне мерекелік дастарханмен байланыстырылса, қазір көптеген адамдар оны күйзелісті азайтудың немесе эмоциялық шаршаудан шығудың құралы ретінде қабылдай бастады. Әлеуметтік желілер мен орта ықпалы да бұл тенденцияны күшейтіп отыр. Сонымен қатар «аз мөлшерде ішу зиян емес» деген қате түсінік әлі де сақталған.

- Адамның ішімдіктерге тәуелділігі қай сәттен басталады? «Әлеуметтік ішу» мен алғашқы тәуелділік белгілерінің арасындағы шекара қайсы?

- Тәуелділік адамның ішімдікті тек мерекеде емес, эмоциялық жағдайын реттеу үшін қолдана бастаған сәтінен басталады. Мысалы, көңіл-күйі түскенде, уайымдағанда немесе шаршағанда алкоголь іздеу — алғашқы қауіпті белгі. «Әлеуметтік ішу» белгілі бір жағдайлармен шектелсе, тәуелділіктің бастапқы кезеңінде адам ішімдікке себеп іздей бастайды. Тағы бір маңызды белгі — алкогольсіз демала алмау, көңіл көтере алмау немесе ішпеген кезде ашуланшақтықтың пайда болуы.

- Адамдар неліктен ішімдіктен жұбаныш іздейді? Оның астында қандай негізгі психологиялық проблемалар жатады?

- Көп жағдайда алкоголь – мәселенің өзі емес, адамның ішкі психологиялық ауыртпалығынан уақытша қашу тәсілі. Оның астарында созылмалы күйзеліс, жалғыздық, эмоционалдық шаршау, өзін бағаламау, отбасылық қиындықтар немесе өмірдегі мақсаттың болмауы жатуы мүмкін. Кейбір адамдар ішімдік арқылы мазасыздықтан арылғысы келеді, ал кейбіреулер қоғамда өзін еркін сезіну үшін қолданады. Бірақ алкоголь мәселені шешпейді, тек уақытша ұмыттырады. Кейін психологиялық қиындықтар туса одан сайын күшейе түседі.

- Ішімдікке тәуелді адамдардың психологиялық портреті қандай? Оларға қандай мінез-құлық ерекшеліктері тән?

- Ішімдікке тәуелді адамдардың барлығына бірдей сипаттама беру қиын, алайда ортақ белгілер кездеседі. Олардың арасында эмоцияны басқаруда қиындық, жауапкершіліктен қашу, өз мәселесін мойындамау, агрессия немесе керісінше тұйықтық байқалуы мүмкін. Кей адамдарда инфантилизм, яғни қиындықтарды ересек түрде шеше алмау байқалады. Сонымен қатар тәуелді адам көбіне өзін ақтауға тырысады: «қаласам қоямын», «бәрі ішеді» деген секілді қорғаныс механизмдерін қолданады.

-  Маскүнемдіктің алдын алуды неше жастан және қалай бастаған дұрыс? Балалар мен жасөспірімдерге бұл тақырыпты қалай түсіндірген жөн?

-  Алдын алу жұмыстарын ерте жастан, шамамен бастауыш сынып кезеңінен бастаған дұрыс. Балаларға қорқыту арқылы емес, түсіндіру арқылы әсер ету маңызды. Ең алдымен отбасындағы үлгі үлкен рөл атқарады. Егер бала үйде ішімдікті қалыпты құбылыс ретінде көрсе, болашақта соны қайталауы мүмкін. Жасөспірімдермен ашық сөйлесу қажет. Алкогольдің денсаулыққа ғана емес, адамның болашағына, психикасына, қарым-қатынасына әсер ететінін түсіндіру керек. Сонымен қатар баланың өзін бағалауын көтеру, спортқа, шығармашылыққа қызықтыру – профилактиканың тиімді жолы.

- Күйзеліс пен ішкі мазасыздықты ішімдіксіз жеңудің қандай тиімді психологиялық әдістерін ұсынар едіңіз?

- Күйзелісті жеңудің ең тиімді жолы — эмоцияны дұрыс шығаруды үйрену. Бұл үшін спортпен айналысу, серуендеу, тыныс алу жаттығулары, медитация, шығармашылықпен айналысу жақсы көмектеседі. Сондай-ақ адам өз мәселесін іште сақтамай, жақындарымен немесе психологпен сөйлесуді үйренуі керек. Ұйқы режимі мен күн тәртібін сақтау да психикалық тұрақтылыққа әсер етеді. Ең бастысы — алкогольді «шешім» ретінде қабылдамау. Себебі ол уақытша тыныштық бергенімен, кейін мазасыздықты күшейтеді.

- Тәуелділікке бой алдырмау үшін әрбір адам өз-өзімен қандай психологиялық жұмыс жүргізуі керек? Сіз қандай кеңес бересіз?

- Ең алдымен адам өз эмоциясын тануды және оны сау жолмен басқаруды үйренуі қажет. Көп адам ішкі күйзелісін байқамай, оны алкогольмен басуға тырысады. Сондықтан өз-өзіңізге «Неге мен ішкім келеді?», «Қандай сезімнен қашып жүрмін?» деген сұрақтарды қою маңызды. Сонымен қатар адамның өмірде мақсаты, қызығушылығы және тұрақты әлеуметтік ортасы болғаны дұрыс. Спорт, хобби, отбасы, пайдалы орта - тәуелділіктің алдын алатын маңызды факторлар. Егер адам алкогольге жиі жүгінетінін байқаса, уақыт созбай психолог немесе маман көмегіне жүгінгені жөн.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Авторы: Анель Фархатқызы