Президент Жолдауы: алдымызда қандай ортақ міндеттер тұр

Бүгін, 13:26
elordaaqparat elordaaqparat
Президент Жолдауы: алдымызда қандай ортақ міндеттер тұр
Фото: Сатыбалды Дәулеталиннің жеке архивінен

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында еліміздің алдағы даму бағыттары айқындалды.

Бұл құжаттың мәні экономикалық жоспарлар мен мемлекеттік бағдарламалардың аясынан әлдеқайда кең.

Ең бастысы – жүргізіліп жатқан өзгерістердің игілігін әрбір азаматтың сезінуіне жағдай жасау.

Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығында Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа Конституция қабылданды, мемлекеттік және қоғамдық институттар жаңғырып, азаматтардың елдік маңызы бар мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндіктері кеңейіп келеді.

Мен үшін Президенттің ел дамуын әділеттілік ұстанымымен байланыстырып, қолға алынған өзгерістердің басты өлшемі ретінде халыққа тигізер пайдасын айқындауы ерекше маңызды.

Бұл – экономикалық жетістіктер адамдардың әл-ауқатынан, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігінен және өмір сапасынан көрініс табуға тиіс деген сөз.

Жолдаудың маңызы жаңа Конституция аясында да айқындала түседі. Халық Кеңесінің құрылуы азаматтардың ел ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтудегі маңызды қадамдардың бірі болды. Ендігі міндет – Конституцияда көзделген мүмкіндіктерді нақты іспен ұштастырып, ел болашағына қатысты шешімдерді талқылау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру.

Халық Кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ретінде Президент белгілеген міндеттерді ең алдымен халықтың мүддесі, қоғамдық диалогты дамыту және қолға алынған өзгерістердің нақты нәтижесі тұрғысынан қарастыруды маңызды санаймын.

Жолдаудағы негізгі бағыттардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы.

2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат мектептер мен ауруханалар, жолдар, инженерлік желілер, өнеркәсіп және энергетика нысандарын салуға және жаңартуға бағытталмақ.

Өңір тұрғындары үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Бір елді мекенде жұрт сапалы ауызсуды жылдар бойы күтіп отырса, енді бір жерде жаңа мектеп, аурухана немесе жол қажет.

Сондықтан қандай нысандарды бірінші кезекте салу керектігін анықтағанда тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қабылданып қойған шешімдерді халыққа хабарлаумен ғана шектелуге болмайды. Адамдар өз ұсыныстарын жеткізіп, оларға жауап алып, мемлекеттік инвестициялардың өз қаласы мен ауылының тіршілігін қалай өзгертетінін білуге тиіс.

«Халықтық құрылыс» – инфрақұрылымды жаңартумен қатар, отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Ауқымды инвестициялар өнеркәсіптің, шағын және орта бизнестің дамуына, мамандар даярлауға және өңірлердің өркендеуіне серпін беруі қажет.

Бағдарламаның табысы салынған нысандардың санымен ғана емес, олардың халықтың әл-ауқатын арттыруға қаншалықты ықпал еткенімен бағалануға тиіс.

Президенттің ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысы еңбек адамдары мен олардың отбасылары үшін ерекше маңызды.

Бұл – 25 мың теңгеге, яғни 30 пайызға жуық өсім. Табысы төмен азаматтар үшін мұндай өзгерістің маңызы зор.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақыны арттыру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл бастамасын қолдаймыз және оны еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту жолындағы елеулі қадам деп бағалаймыз.

Ең төменгі жалақының артында адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі тұр. Отбасын асырау, азық-түлік алу, коммуналдық төлемдерді өтеу, балаларды оқыту – мұның бәрі тұрақты табысты қажет етеді.

Адал еңбек еткен адам өзіне және отбасына лайықты тұрмыс жағдайын қамтамасыз ететін жалақы алуға тиіс.

Сонымен бірге ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесін жетілдіру, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайға сай болуын қамтамасыз ету, жалақыны индекстеу және халықтың сатып алу қабілетін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет.

Әсіресе жаңа ең төменгі мөлшерді енгізу жалақының төменгі шегін қағаз жүзінде өзгертумен ғана шектелмеуі керек. Қажет болған жағдайда еңбекақы төлеу жүйесі де әділдік қағидатына сай қайта қаралуға тиіс.

Кәсіподақтар үшін экономиканың өсуі еңбеккерлердің нақты табысының артуымен қатар жүруі аса маңызды. Мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы әлеуметтік диалогты одан әрі дамыту да осы ұстанымға негізделуі қажет.

Президенттің денсаулық сақтау саласындағы учаскелік қызмет мамандарының еңбекақысын көтеру туралы ұсынысын да атап өткен жөн. Бұл – халыққа алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлерді қолдаудың маңызды шарасы.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ауқымды міндеттер қойды.

Оларды жүзеге асыру үшін білікті мамандар даярлау, кәсіптік білім беруді дамыту және еңбеккерлерді уақытылы қайта оқыту қажет.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүздеген мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Алайда кәсіподақтар үшін олардың саны ғана емес, сапасы да маңызды. Жаңа жұмыс орындарында лайықты еңбекақы, қауіпсіз еңбек жағдайы және әлеуметтік кепілдіктер қамтамасыз етілуге тиіс.

Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін игерілген қаржы көлемі мен салынған нысандардың саны арқылы ғана бағалау жеткіліксіз. Халықтың жұмыспен қамтылуы, табысы, білім мен медициналық көмектің қолжетімділігі, жалпы өмір сапасы қалай өзгергеніне де назар аудару қажет.

Жолдауда әлеуметтік саясат мәселелеріне де айрықша мән берілген.

Президент әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру, заңсыз пайдалануға жол бермеу міндетін қойды. Сонымен бірге көмекке шын мұқтаж азаматтардың мүддесіне нұқсан келтіруі мүмкін асығыс шешімдерден сақтандырды.

Әлеуметтік қолдау жүйесіндегі кез келген өзгеріс адамдардың нақты тұрмыс жағдайын ескеруге тиіс. Ақпараттық жүйелердегі қателіктер, жеткілікті ойластырылмаған өлшемдер немесе мәселеге үстірт қарау азаматтарды өздеріне тиесілі көмектен айырмауы керек.

Сондықтан әлеуметтік саясатқа қатысты маңызды өзгерістерді енгізбес бұрын оларды талқылауға қоғамдық бірлестіктерді, мамандарды және өңір өкілдерін кеңінен тарту қажет деп санаймын.

Жолдаудың тағы бір стратегиялық бағыты – халықтық цифрлық экономика.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономиканы дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге олар еңбек нарығын, көптеген кәсіптің мазмұнын және жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы қатынастарды өзгертіп жатыр.

Мұндай жағдайда еңбеккерлердің дербес деректерін қорғау, алгоритмдер арқылы қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, цифрлық платформаларда жұмыс істейтін азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын сақтау, сондай-ақ мамандарды уақытылы қайта даярлау мен олардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау ерекше маңызға ие.

Бұл мәселелер жуырда Астанада Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен ұйымдастырған «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумында талқыланды.

Форум қорытындысында қабылданған Астана үшжақты декларациясы мен Кәсіподақтардың цифрлық хартиясында технологиялық өзгерістер жағдайында еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға қатысты ұсыныстар қамтылған.

Бұл тәжірибені цифрландырудың қоғамға тигізетін әсерін кеңінен талқылауда да пайдалануға болады. Соның ішінде егде жастағы азаматтар мен шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс.

Жолдауда қоғам үшін маңызды өзге де мәселелер қамтылған. Олардың қатарында өңірлерді дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі, су және энергетикалық қауіпсіздік, заңдылықты сақтау және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігі бар.

Халық Кеңесі үшін жекелеген мемлекеттік бағдарламалармен шектелмей, ел дамуының тұтас көрінісін назарда ұстау маңызды.

Қала мен ауыл тұрғындарының, жастар мен аға буынның, еңбеккерлер мен кәсіпкерлердің, түрлі өңірлердің мүдделері жалпыұлттық күн тәртібінде ескерілуге тиіс. Осындай кең көзқарас бүкіл қоғамның мүддесіне сай келетін шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Президенттің Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындау туралы міндеті де ерекше назар аударуға тұрарлық.

Біз елімізді он немесе жиырма жылдан кейін қандай мемлекет ретінде көргіміз келеді? Жастарға қандай мүмкіндіктер жасалуы керек? Адамдардың өз өңірінде лайықты өмір сүріп, еңбек етуі үшін не істеу қажет?

Мұндай мәселелер бүкіл қоғамның қатысуымен кеңінен талқылануы тиіс. Оған әртүрлі буынның, өңірлердің, кәсіптік және әлеуметтік топтардың өкілдері атсалысқаны маңызды.

Конституцияда Халық Кеңесіне берілген өкілеттіктер, соның ішінде заң шығару бастамасы құқығы, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылаумен шектелмей, нақты нәтижеге жеткізетін ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қоғамдық қатысудың мәні өткізілген кездесулердің немесе айтылған ұсыныстардың санында емес. Оның шынайы құндылығы – халық пікірінің қабылданатын шешімдерге қаншалықты ықпал етіп, нақты мәселелерді шешуге көмектесетінінде.

Президент 2027 жылды Жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды.

Мен бұл бастаманың мәнін жаңа нысандар салу мен инфрақұрылымды жаңғыртудан әлдеқайда кең деп түсінемін. Жалпыұлттық құрылыс – мемлекет, бизнес және қоғамның бірлесе жұмыс істеуі, қабылданатын шешімдерге жауапкершілікпен қарау, еңбекті қадірлеу және әр азаматтың ел дамуына өз үлесін қосуға ұмтылуы.

Президент бірлік, тәртіп және жауапкершіліктің маңызын ерекше атап өтті. Ауқымды өзгерістер кезеңінде бұл құндылықтардың орны айрықша. Оларды өмірде орнықтыру үшін өзара сенім, мемлекет пен қоғамның жүйелі жұмысы және ел болашағына ортақ жауапкершілік қажет.

Халық Кеңесінің мүшесі ретінде Президент айқындаған міндеттерді кеңінен талқылауға, азаматтардың, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылардың ұсыныстарын жинақтауға өз үлесімді қосуды маңызды санаймын. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін халыққа тигізген пайдасы тұрғысынан бағалауға және қоғамдық бастамалардың нақты іске ұласуына ерекше көңіл бөлмекпін.

Президент Жолдауында алдағы жылдарға арналған міндеттер айқындалды. Оларды жүзеге асыру мемлекеттік органдардың, бизнестің, қоғамдық институттар мен азаматтардың бірлескен күш-жігерін талап етеді.

Осы ортақ жұмыстың басты нәтижесі адамдар өз өмірінде сезінетін оң өзгерістер болуға тиіс. Ол – лайықты еңбекақы, қолжетімді медицина, сапалы білім, сенімді инфрақұрылым және ертеңгі күнге деген сенім.

Сатыбалды Дәулеталин