Референдум-2026

Президент ҚР Ұлттық архиві ұжымын 20 жылдық мерейтоймен құттықтады

Бүгін, 14:56
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Президент ҚР Ұлттық архиві ұжымын 20 жылдық мерейтоймен құттықтады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Тәжікстанның архив мекемелерінің басшылары мен мамандары, сондай-ақ архив саласының жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Іс-шараның ашылуында Аида Балаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы архив саласының қызметкерлері мен ардагерлерін Ұлттық архивтің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің тарихи мұрасын сақтауға қосқан елеулі үлестері үшін ризашылығын білдірді.

«Архив қорында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңдерін айшықтайтын құнды мәліметтер бар. Мекеме мамандары шетелдік архивтерден табылған тарихи жәдігерлерді зерделеп, құнды құжаттарды елге жеткізу жолында елеулі еңбек сіңірді. Соның арқасында архив қоры он төрт ғасырды қамтитын бірегей деректермен толықты. Ұлт шежіресін тереңірек тануға мүмкіндік беретін мұндай игі жұмыстың мәні айрықша екені анық. Бүгінгі басқосуда архив саласын заман талабына сай дамыту жөнінде салиқалы пікірлер мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін», – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Өз сөзінде Премьер-министрдің орынбасары архив ісінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ұжымға және сала ардагерлеріне алғыс айтып, бүгінде еліміз аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтті.

«Біз қазір ел дамуының жаңа дәуіріне аяқ бастық. Жаңа Конституцияда адам капиталы, білім, ғылым және инновация ел дамуының стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалды. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл – өткенді сақтау ғана емес, болашақты бағамдау. Өйткені халықтың тарихи жады – мемлекеттің рухани негізі. Ал сол мұраны сақтайтын басты институттардың бірі – архив. Мемлекет басшысы жаңа атап өткендей, Ұлттық архив төл тарихымызды жаңғыртып, өскелең ұрпаққа жеткізуде зор үлес қосып келеді. Тағы бір жақсы жаңалықтың бірі биыл Қазақстан Республикасы ұлттық архивіне «Ұлттық» мәртебе беріледі», – деді Аида Балаева.

Мерейтойлық датаға орай архив саласының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлер мен мамандарға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табысталды.

«Құрмет» ордені – Сәуле Мушкенова

«Ерен еңбегі үшін» медалі – Майра Есмұханова

«Ерен еңбегі үшін» медалі – Маржан Нұртазина

«Ерен еңбегі үшін» медалі – Әсия Керімтаева

Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы – Тұрсынгүл Кусаинова

Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы – Гаухар Хайруллина

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы және төсбелгісі – Сағила Нұрланова

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы – Шолпан Жанатаева

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы – Айгүл Шагиева

«Еңбек ардагері» медалі – Койше Бекбаев

«Еңбек ардагері» медалі – Жәлел Болташев

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің тұңғыш директоры Рысты Сариеваның еңбегіне айрықша құрмет көрсетілді. «Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жыл» атты құжаттық көрме аясында Ұлттық архивте оның қызметіне арналған арнайы бұрыш ашылды.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстандағы 237 мемлекеттік архивте Ұлттық архив қорының 30 миллионға жуық құжаты сақтаулы. Архив саласында 3,5 мыңнан астам маман еңбек етеді. Архив қорлары көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым мен мәдениет өкілдерінің жеке архивтік құжаттарымен тұрақты түрде толықтырылып келеді.

Архив саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – цифрлық трансформация. Соңғы жылдары Ұлттық архивтегі цифрландырылған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін артты. Құжаттарды қабылдауға, сақтауға, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың сұрау салуларын жедел орындауға мүмкіндік беретін «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі енгізілді.

Мамандар даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде архив саласының мыңнан астам қызметкері арнайы сертификатқа ие болды.

Конференция барысында қатысушылар Ұлттық архив қорларын қалыптастыру, архив құжаттарын ғылыми тұрғыда жариялау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, архив саласын цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылады.

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының архив саласын одан әрі дамытуға бағытталған қарар қабылданып, нақты ұсынымдар әзірленді.