Президент: Қоршаған ортаны қорғау – стратегиялық мәселе

Президент: Қоршаған ортаны қорғау – стратегиялық мәселе
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте қоғамда жоғары экологиялық мәдениет туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әрине, қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптасып, тұрғындар ортақ мекеніміздің тыныс-тіршілігіне белсенді араласа бастағаны қуантады. Дәл осы себепті «Таза Қазақстан» жобасын бастадым. Оны бүкіл ел қолдады. Қоршаған ортаны қорғау – стратегиялық мәселе. «Таза Қазақстан» идеологиялық кампаниясына не үшін бастамашы болғанымды айтайын. Өйткені экология, тұрмыс-тіршіліктегі тазалық болмысымыздың бір бөлігіне айналуға тиіс. Жалпы, Азияның бірқатар қаласында қалдықтарды жоюдың экономикаға негізделген тәсілдері қолданылады. Шынында да қоқыспен күресу керек», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Токиода 14 миллион адам тұратынын, азғантай аумақта осыншама халық өмір сүріп жатса да, ондағы тазалық пен тәртіп өте жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Мысалы, саммитте сөйлеген сөзімде Жапония Премьер-министріне «Еліңіздің қуаты – адамдарыңызда. Сіздер үнемі үйлесімділікке үндейсіздер. Жапондар үйренуден жалықпайды. Өзін қалай ұстауды біледі, өзге адамдарға құрметпен қарайды. Үйін, пәтерін, өзі отырған ғимаратты таза ұстайды. Сонымен қатар олар үздіксіз білім алады әрі оны өскелең ұрпаққа да сіңіреді» деп жылы сөзімді арнадым. Бізге де дәл осындай менталитет қажет. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллектіден үлкен үміт күтемін. Біз алға қарыштап қадам басып, технологиялық ұлт болудың үлгісіне айналуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керектігін айтты