Референдум-2026

Президент: Қазіргі Парламент – Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі

Президент: Қазіргі Парламент – Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде қазіргі Мәжіліс пен Сенат құрамын Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамдардың бірі деп бағалап, депутаттардың елдегі ауқымды реформаларды жүзеге асырудағы рөлін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына ризашылығын білдіріп, қазіргі құрамның ел дамуының шешуші кезеңінде қызмет атқарғанын атап өтті.

«Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, соңғы үш жылда Парламент еліміздің дамуына негіз болатын маңызды заңдарды қабылдады.

«Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында батыл әрі жаңашыл шешімдер қабылдаудың маңызын ерекше атап өтті.

«Уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Бұл – заман талабы», – деп түйіндеді Президент.